Футбол – жай ғана спорт түрі емес, ол – мінездің мектебі, жігердің сынағы, жеңіске деген сенімнің көрінісі. Жас баланың алаңға алғаш қадам басқан сәтінен үлкен арманға қанат қағуына дейінгі жолында талап пен тәртіп, еңбек пен табандылық қатар жүреді. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, болашақ футболшылардың кәсіби қалыптасуына мүмкіндік беретін ауқымды жоба бүгінде Сыр өңірінде жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында «Қайсар» футбол клубының заманауи академиясы мен оқу-жаттығу кампусының құрылысы жүргізілуде.
Бұл – өңірдің спорттық инфрақұрылымын жаңғырту ғана емес, қазақстандық футболдың болашағына жасалған маңызды инвестиция. Жобаны жүзеге асыруға жеке инвестор есебінен 12 млрд теңге көлемінде қаражат бағыттау көзделген. Жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын кешен 300-ге дейін жас футболшыны тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Академияның басты мақсаты – жас таланттарды анықтап, қабілетін шыңдау және ұлттық футболға жаңа буын қалыптастыру.
Жаңа кампус құрамында оқу орталығы мен мектеп-интернат, медициналық және қалпына келтіру орталығы, жаттығу залы, бассейн, асхана қарастырылған. Сонымен қатар төрт футбол алаңы, оның ішінде жабық манеж салу жоспарланған. Спортшылардың денсаулығы мен дайындығын бақылау үшін дәрігерлер, физиотерапевтер, спорт психологтары мен нутрициологтар қызмет көрсетеді. Ал аналитика, скаутинг және әдістемелік орталық жас ойыншылардың қабілетін саралап, кәсіби дамуына қолдау көрсетпек.
Академия тек Қызылорда облысының балаларына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі дарынды жастарға да мүмкіндік ұсынады. Мұнда «Қайсар» футбол клубының негізгі, жастар және әйелдер командаларының жаттығу процесін ұйымдастыру көзделген. Осылайша, балалар футболынан кәсіби деңгейге дейінгі біртұтас дайындық жүйесі қалыптаспақ.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – халықаралық тәжірибені енгізу. Осы мақсатта Португалияның Sporting CP, Хорватияның Dinamo Zagreb және Нидерландтың Ajax клубтарымен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Әріптестік аясында тәжірибе алмасу, мамандардың тағылымдамадан өтуі, UEFA C, B, A деңгейлеріндегі жаттықтырушыларды даярлау бағдарламаларын дамыту көзделген. Бұл бастама жергілікті бапкерлердің кәсіби әлеуетін арттырып, заманауи футбол әдістемелерін игеруге жол ашады.
Академияның жұмыс философиясы үш негізгі ұстанымға негізделеді: жеке даму, шынайы оқу және Қайсар рухы. Әр ойыншының қабілетін ашу, ойын тәжірибесі арқылы шеберлігін шыңдау, еңбекқорлық, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру басты назарда болады. Өйткені нағыз футболшы техникалық шеберлігімен ғана емес, мінезімен және ел намысын қорғауға деген жауапкершілігімен ерекшеленеді.
Академияны 2027 жылы іске қосып, алғашқы 300 тәрбиеленушіні қабылдау жоспарланған. 2028–2029 жылдары оқу және спорттық бағдарламалар кеңейтіліп, жаттықтырушылар мен менеджерлердің біліктілігін арттыру курстары дамытылады.
Ал 2030 жылға қарай академия түлектерінің 30 пайызын ұлттық жастар құрамаларына жеткізу, «Қайсар» клубының негізгі құрамындағы өз тәрбиеленушілерінің үлесін 30–40 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Сонымен қатар жыл сайын 1–2 жас ойыншыны Еуропа клубтарына ауыстыру көзделіп отыр.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да зор. Құрылыс кезеңінде 250–300 уақытша жұмыс орны ашылып, кешен толық іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Сонымен бірге академия жастарды спортқа тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, әйелдер футболын дамытуға және өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, «Қайсар» футбол академиясы – бір клубтың ғана емес, тұтас өңірдің футболын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Оның болашақтағы миссиясы – жас футболшыларды ғана емес, білікті жаттықтырушылар мен спорт мамандарын даярлайтын жетекші орталық қалыптастыру.
Сыр топырағы талай талантты түлеткен. Ендігі міндет – сол таланттардың бағын ашып, үлкен спортқа бастайтын жолын қалыптастыру. Бүгін бой көтеріп жатқан академияның жасыл алаңында ертең ұлттық құрама намысын қорғайтын, Еуропа клубтарында өнер көрсететін, ел абыройын асқақтататын чемпиондар тәрбиеленуі мүмкін. Өйткені болашақ жеңістер бүгін жасалған мүмкіндіктерден басталады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.




