Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауда еліміздің әр өңірінен адал еңбегімен және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен көпке үлгі болған 20 отбасы жеңімпаз атанды. Олардың қатарында атыраулық Оспановтар отбасы да бар.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жеңімпаздарды құттықтап, отбасының рухани құндылықтарды сақтаудағы және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөлін атап өтті.
Оспановтар әулеті – Жылыой ауданының тумалары. Бүгінде өнегелі әулетте жеті ұл мен бір қыз тәрбиеленіп, олардан 22 немере мен 37 шөбере өрбіген. Отбасы мүшелері білім беру, құқық қорғау, өндіріс және мәдениет салаларында ел игілігі үшін елеулі еңбек етіп келеді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту мақсатында ұйымдастырылатын жоба. Байқау өнегелі өмірімен, адал еңбегімен және ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісімен ерекшеленген отбасыларды көпшілікке танытуды көздейді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








