Жұмағұлова Нүргүл Әбішқызы – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ауылдың ардақты анасы.
Нұргүл Әбішқызы 1956 жылы 6 қазанда Жамбыл ауылында қарапайым тракторшы отбасында дүниеге келген. Он бір балалы шаңырақта бесінші болып өскен ол бала кезінен еңбекке, үлкенді сыйлауға, бауырмалдық пен жауапкершілікке үйреніп өсті.
1964 жылы Жамбыл атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1974 жылы мектепті аяқтады. Сол жылы Алматы қаласындағы №107 СПТУ-ға оқуға түсіп, шаштараз мамандығы бойынша бір жыл алты ай білім алды. Кәсіби оқуын тәмамдап, дипломын алған соң Текес ауылына оралып, еңбек жолын бастады. 1974 жылы отбасын құрып, өмірдің жаңа белесіне қадам басты.
Отбасы – Нұргүл Әбішқызының өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Ол алты бала тәрбиелеп өсіріп, олардың азамат болып қалыптасуына, өмірден өз орындарын табуына бар күш-жігерін арнады. Бүгінде бес келіннің енесі, он алты немеренің әжесі, бір шөберенің ардақты әжесі атанып, ұрпағының қызығы мен қуанышын көріп отырған өнегелі ана. Ол үшін отбасының берекесін сақтау, бала тәрбиесіне көңіл бөлу және кейінгі буынға жақсы үлгі көрсету – өмірлік міндет.
Нұргүл Әбішқызының еңбегі отбасымен ғана шектелмейді. Ол 2011 жылдан бері Текес ауылдық аналар кеңесінің төрайымы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде ел ішіндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдың әлеуметтік және рухани өміріне өз үлесін қосуда.
Қоғамдық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Нұргүл Әбішқызы ауыл аналарымен және Жаңа Текес орта мектебінің оқушыларымен, әсіресе қыз балалармен тәрбие бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кездесулер мен тәрбиелік шаралар арқылы жастарға ұлттық салт-дәстүрді құрметтеудің, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетудің, отбасы құндылықтарын сақтаудың және адамгершілікті ту етудің маңызын түсіндіреді.
Қыз баланың тәрбиесі – отбасы мен қоғамның болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан жас қыздардың бойына инабаттылық, ізеттілік, жауапкершілік, ұлттық тәрбие мен отбасына деген құрметті сіңіруді басты мақсаттарының бірі санайды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.




