Теміртау қаласының прокуратурасы әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау барысында бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілеріне нақты көрсетілмеген қызметтер үшін ақы төлеу, олардың Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған кезеңдерінде көрсетілген қызметтер актілерін рәсімдеу, сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарын бұзу жағдайлары орын алған.
Талдау мүгедектігі бар адамдардың туыстары болып табылатын жеке көмекшілерге формальды түрде ресімделген актілер негізінде 5 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз есептелгенін анықтады.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 163-бабының 2-тармағына сәйкес жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күніне сегіз сағаттан аспайтын көлемде көрсетіледі. Қызметтерге ақы төлеу олардың нақты көрсетілген уақыты үшін жүргізіледі.
Мысалы, жеке көмекшілердің бірі 2026 жылғы сәуір айына жалпы ұзақтығы 240 сағатты құрайтын көрсетілген қызметтер актісін ұсынған.
Алайда қарсы тексеру барысында оның 2026 жылғы 16–24 сәуір аралығында Стамбул (Түркия) қаласында болғаны және осы кезеңде мүгедектігі бар адамға іс жүзінде қызмет көрсетпегені анықталды, алайда, аталған кезең актіге енгізіліп, төлемге ұсынылған.
Осыған ұқсас бұзушылықтар басқа да жағдайларда анықталды.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заңдылықты қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Туыстарының жеке көмекшілері негізсіз алынған ақшалай қаражаттарды мемлекет кірісіне ерікті түрде қайтарды.
Прокуратура әлеуметтік қызметтер көрсету және бюджет қаражатын пайдалану кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді.
Нақты көрсетілмеген қызметтер үшін төлем алу және көрсетілген қызметтер туралы актілерді формальды түрде рәсімдеу заң талаптарына қайшы келеді және заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Теміртау қаласының прокуратурасы бюджет қаражатының заңды әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік саладағы заң бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырады.
Қарағанды облыс прокуратурасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








