Қарағанды облысының прокуратурасы оқушылардың аутодеструктивті мінез-құлқының белгілерін ерте анықтау Алгоритмін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Бұл тетік балалардың мінез-құлқындағы алаңдаушылық сигналдарды дер кезінде анықтауға және олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алуға, отбасылық қолайсыздықты анықтауға және кәмелетке толмағандарға уақтылы көмек көрсетуге ерекше назар аударылады.
Алгоритмді іске асыру нәтижесінде облыс бойынша алаңдаушылық белгілері бар 514-тен астам оқушы анықталды. Олардың 29-ы психологтардың жеке сүйемелдеуіне алынып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Тағы 284 оқушы психологиялық саулықты нығайтуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Сенімділік қадамы» түзету-дамыту бағдарламасымен қамтылды.
Прокуратура әзірлеген тетіктің тиімділігін нақты жағдайлар дәлелдеді.
Мысалы, қыркүйек айында Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде педагог-психолог отбасылық қолайсыздық пен балаларға қатысты қатыгездік көрсету белгілерін анықтады. Алгоритмге сәйкес жедел әрекет ету нәтижесінде ақпарат дереу мектеп әкімшілігіне жеткізілді. Тексеру барысында балалардың дене жарақаттары бар екені анықталды.
Осындай жағдай Қарқаралы ауданында да тіркелді. Сынып жетекшісі үш балаға қатысты қатыгездік белгілерін анықтады.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды.
Жауапты органдарды уақтылы хабардар ету кәмелетке толмағандарды қорғау және қажетті шараларды қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Бұл жағдайлар қауіп белгілерін ерте анықтаудың және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетеді. Уақтылы қабылданған шаралар балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін ықтимал қауіптің алдын алуға, сонымен қатар оларға қажетті психологиялық және өзге де көмекті ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысының тәжірибесі оң бағаланып, әзірленген Алгоритм республикалық деңгейде таратылды.
Прокуратураның бұл жұмысы көмекке мұқтаж әрбір баланы дер кезінде анықтауға, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған.
Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Қарағанды облыс прокуратурасы







