2026 жылғы 28 қазанда Ғабит Мүсірепов атындағы аудан прокуроры Алмас Жалмағамбетов аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық және өндірістік нысандарды аралады.
Жұмыс сапары барысында инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Аралаудың алғашқы нысаны «Новоишимский мелькомбинат» ЖШС болды. Онда аудан прокуроры роботтандырылған құрама жем зауытының қызметімен, оның өндірістік қуаттылығымен, технологиялық процестерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту перспективаларымен танысты.
Сондай-ақ «Astana-Logistik KZ» ЖШС вагон жөндеу депосының құрылыс барысы қаралды. Жоба жүк вагондарын, қозғалмалы құрамның тораптары мен бөлшектерін жөндеуге арналған заманауи технологиялық жабдықтарды орнатуды көздейді.
«Ақ Нан Север» ЖШС-нің фудпарк құрылысы бойынша жобасын жүзеге асыруға бөлек назар аударылды. Жобаның бірінші кезеңі жалпы құны 16 миллиард теңгеден асатын көпфункционалды желілік элеватор салуды қарастырады.
Бастапқы кезеңде сыйымдылығы 86 мың тонналық астық қоймасын салу және жалпы өнімділігі сағатына 400 тонна болатын екі астық кептіру мұнарасын орнату жоспарлануда.
Болашақта астық сақтаудың жалпы қуаттылығын 400 мың тоннаға дейін арттыра отырып, элеватор-диірмен кешенін кеңейту көзделген. Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау, кептіру, сақтау және жөнелту мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыруға жағдай жасайды.
«Қазақстан Бидайы» ЖШС-не бару аясында аудан прокуроры іске қосу-баптау жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта тестілік режимде шикізатты сақтау, тазалау және кептіру жабдықтарымен жабдықталған жарма мен үлпектер (хлопья) шығаратын зауытты іске қосу жүргізілуде.
Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 3 миллиард теңгеден асады. Оны жүзеге асыру 24 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.
Сонымен қатар аудан прокуроры «Kazmeal LTD» ЖШС-не барды. Бұл — өндірістік қуаттылығы тәулігіне 2 500 тоннаға дейін өнім беретін құрама жем шығаратын кәсіпорын. Мұнда ол өндірістік процестің ұйымдастырылуымен және кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Сондай-ақ жобалық қуаттылығы тәулігіне 5-тен 20 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруды көздейтін «Вердиева В.М.» ЖК сүт өңдеу кешенінің құрылыс нысанына бару ұйымдастырылды.
Тексеру барысында жобаның іске асырылуының ағымдағы жай-күйі, нысанның дайындық деңгейі, туындаған проблемалық мәселелер мен кешенді пайдалануға беру перспективалары талқыланды.
Инвестициялық және өндірістік инфрақұрылымды дамыту ауданның әлеуметтік-экономикалық өсуінің негізгі факторларының бірі болып табылады. Осындай жобаларды жүзеге асыру өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді.
Аудан прокуратурасы өзіне берілген өкілеттіктер шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына, сондай-ақ олардың орындалуына әсер ететін кедергілерді уақтылы анықтау мен жою мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









