Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған еліміздің әр өңірінен 20 үлгілі отбасылар марапатталды.
Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, өз сөзінде отбасының рухани құндылықтарды сақтаудағы және ел келешегін қалыптастырудағы айрықша орын алатынына тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адами әлеуетті арттырудың және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі де осындай тәрбиеден қаланады.
«Мерейлі отбасы» байқауы ата дәстүрді сақтап, ұрпаққа өнегелі тәрбие берген отбасыларды көпшілікке үлгі етуді мақсат етеді.
Жеңімпаздар қатарында Ақмола облысынан Ілиясовтар әулеті бар. Ақмола облысының Қосшы қаласының тұрғындары Ілиясовтар еңбек пен өнердің, ұстаздықтың, мемлекеттік қызметтің өкілдері.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұлттық байқау адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға, өнегелі отбасылардың тәжірибесін дәріптеуге және отбасындағы дәстүрлерге құрметпен қарауға бағытталған.
Байқау басталғалы оған облысымыздан 2 мыңнан астам отбасы қатысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








