Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының үшінші конференциясына қатысты

    1 / 3

    Ташкент қаласында 3–5 қазан аралығында «Орталық Азия – Қытай» азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының үшінші конференциясы (C5+1 форматында) өтуде. Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева бастаған делегация қатысты.

    Конференцияға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның авиациялық билік органдары мен сала өкілдері жиналды. Кездесу барысында өңірлік әуе қатынасын дамыту, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау мәселелері талқылануда.

    Конференцияны Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің директоры Тахир Назаров ашты. Іс-шара аясында Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігінің Әуе көлігі басқармасының басшысы Джамолиддин Назаров және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі директорының орынбасары Канат Тологонов сөз сөйледі.

    Өз сөзінде Салтанат Томпиева Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы негізгі жетістіктері мен даму перспективаларын таныстырды. Соңғы бес жылда еліміздің халықаралық әуе маршруттарының желісі 32-ден 161 бағытқа дейін кеңейді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 12,4 млн жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары. Ал әуежайларда өңделген жүк көлемі 10%-ға артып, 136,5 мың тоннаны құрады.

    Комитет төрағасы ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саланың басты басымдықтары болып қала беретінін атап өтті. Қазақстан қадағалау жүйесін жетілдіруді, халықаралық сараптаманы тартуды жалғастыруда. Сонымен қатар Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспар әзірленуде. Бұдан бөлек, авиация мамандарын даярлау және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

    «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша қазақстандық тарап іскерлік, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында өңірлік өзара іс-қимылды жалғастыруды ұсынды.

    Конференция аясында Қазақстан делегациясының Өзбекстан мен Қытайдың авиациялық билік органдары өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізуі жоспарлануда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары