2026 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өкілдерінің көліктік бақылау саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша онлайн форматта жұмыс кездесуі өтті.
Қазақстандық делегацияны ҚР Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов, ал өзбекстандық делегацияны Өзбекстан Республикасының Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Джамшид Каримов басқарды.
Кездесу барысында тараптар екі елдегі көліктік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәжірибесімен алмасып, автомобиль тасымалдарын бақылаудың қолданыстағы тетіктерін, сондай-ақ бақылау рәсімдерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Көліктік бақылауды цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар цифрлық шешімдерді енгізу бақылау процестерінің ашықтығын арттыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша көліктік бақылау саласында тәжірибе алмасуды жалғастыру, оның ішінде өзбекстандық әріптестерді Қазақстанда қолданылатын цифрлық шешімдермен және оларды пайдалану тәжірибесімен таныстыруды ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар көліктік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









