Алматыда 32 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

    Алматыда жалпы құны 2,7 трлн теңгеден асатын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оларды іске асыру аясында 32 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері айтты.

    2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,69 трлн теңге болды. Инвестицияның басым бөлігі жылжымайтын мүлік, көлік және қоймалау, сондай-ақ ақпарат және байланыс салаларына бағытталды.

    Almaty Innovation & Financial Zone (AIFZ) арнайы экономикалық аймағын дамыту жеке бағыттардың бірі болып қала береді. Қазір оның аумағында 2,3 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды көздейтін 31 жоба жүзеге асырылып жатыр.

    2026 жылы арнайы экономикалық аймақта алты жобаны іске қосу жоспарланған. Биыл аймақтың атауы Almaty Innovation & Financial Zone болып өзгертіліп, оның жұмыс істеу мерзімі 2049 жылы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

    Сонымен қатар қалада шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл осы мақсатқа 41,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 26 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 15,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.

    Бұл қаражат 452 бизнес-жобаны қолдауға бағытталған.

    Басқарма өкілдерінің мәліметінше, Алматыда 368 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар өндірген өнім көлемі 5,1 трлн теңгеден асты.

    Шағын және орта бизнестің қаланың жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 52,1% болады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының деректері бойынша осы салада 828,1 мың адам жұмыспен қамтылған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары