ШЫМКЕНТТЕ 200-ДЕН АСТАМ АДАМҒА БУЫН АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ ЖАСАЛДЫ

    1 / 6

    Шымкентте жыл басынан бері 200-ден астам адамға тізе, жамбас-сан және иық буындарын алмастыру отасы жасалды. Жоғары технологиялы медициналық көмектің бұл түрі буын аурулары салдарынан қозғалысы шектелген науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Құны 1,5 миллион теңгеден асатын мұндай оталар қалада екі медициналық ұйымда МӘМС есебінен тегін жүргізіледі.

    Қалалық №1 клиникалық ауруханада күрделі оталардың бірі 67 жастағы әйелге жасалды. Науқас 15 жылдан бері оң жақ тізе буынының деформациялық артрозымен ауырып келген. Консервативті ем нәтиже бермегендіктен, дәрігерлер буынды толық эндопротездеу туралы шешім қабылдаған.

    Ота шамамен 1,5 сағатқа созылды. Аймақтық жансыздандыру әдісі қолданылып, пациент есін толық біліп жатты. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Алдағы уақытта медициналық оңалту курсынан өтеді.

    Қалалық №1 клиникалық ауруханасында буын алмастыру оталарын ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов бастаған білікті мамандар тобы жүргізеді.

    -Артроз кезінде буынның шеміршегі мен сүйек беттері мүжіліп, адамның қозғалысы шектеледі. Ота барысында зақымданған буын беттері алынып, орнына арнайы имплант орнатылады. Біздің ауруханада АҚШ-та өндірілген эндопротездер қолданылады. Оңалту кезеңі шамамен 2-6 айға созылады. Осы уақыт ішінде науқас біртіндеп өздігінен жүріп-тұруға бейімделеді. Негізгі мақсатымыз – ауырсынуды азайтып, қозғалыс мүмкіндігін қалпына келтіру», – дейді Нұржан Естемесов.

    Эндопротездеу буындардың ауыр зақымдануы кезінде қолданылады. Атап айтқанда, тізе және жамбас-сан буындарының гонартрозы мен коксартрозы, жамбас сүйегі мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы және түрлі жарақаттар салдарынан буын қызметі бұзылған жағдайда жасалады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының әкімдігі" жаңалықтары