Астана қаласында жас спортшылар арасында діни экстремизмнің алдын алуға және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған екі ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараларға барлығы 60 жас спортшы қатысты. Алдымен «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының дәріскері «Арғымақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 20 спортшымен кездесті. Кейін №5 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің 40 тәрбиеленушісімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулердің негізгі тақырыбы – жастарды радикалды діни топтарға тарту тәсілдері және олардың теріс идеологиялық ықпалынан қорғану жолдары болды. Мамандар спортшыларға экстремистік идеялардың қауіптілігі, ақпаратқа сыни көзқараспен қараудың маңыздылығы және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қажеттігі туралы түсіндірді.
Әсіресе, жастардың діни сауаттылығын арттыруға, күмәнді ақпаратты ажырата білуге және радикалды көзқарастардың ықпалына түспеуге ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырушылар спорттың түрлі ұлт пен мәдениет өкілдерін біріктіретін маңызды орта екенін атап өтті. Сондықтан спортшылар үшін өзара сыйластық, тәртіп, төзімділік және зорлық-зомбылықты қабылдамау қағидаттарын ұстану аса маңызды.
Мұндай кездесулер спортшылардың дене дайындығын тәрбиелік жұмыстармен ұштастырып, олардың құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және тәртібін нығайтуға ықпал етеді.
Елорда жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында спорттық ортада ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Материал Астана қаласы ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








