Алматыда «Жасыл аула» акциясы басталды: тұрғындар 10 түпке дейін ағаш көшетін тегін ала алады

    1 / 11

    2 қарашадан бастап Алматы тұрғындары «Жасыл аула» акциясы аясында 10 түпке дейін жапырақты ағаш көшетін тегін алуға өтінім бере алады. Көшеттер көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын және басқа да қоғамдық аумақтарды көгалдандыруға арналған. Бұл туралы Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.

    Акцияға қатысушылар егілген ағаштарға үш жыл бойы күтім жасау міндеттемесін алуға тиіс.

    Өтінім 2026 жылы 2-15 қараша аралығында [email protected] электрондық поштасы арқылы қабылданады.

    Акцияға қатысу үшін өтінімде аты-жөнін, байланыс деректерін, ағаш егілетін жердің нақты мекенжайын және қажетті көшеттер санын көрсету қажет. Сондай-ақ мамандар отырғызу орнын бағалай алуы үшін таңдалған аумақтың бірнеше фотосуретін, мүмкіндігінше панорамалық түсірілімдерін қоса тіркеу керек. Фотосуреті жоқ өтінім қаралмайды.

    Көшеттерді тарату 21-22 қараша күндері Тәжібаев көшесі, 155а мекенжайында жоспарланған.

    Ағаштарды отырғызғаннан кейін қатысушылар егілген көшеттер туралы фотоесеп жолдауы қажет.

    Акция жеке тұрғын үй құрылысы аумақтарындағы үйлердің тұрғындарына, сондай-ақ заңды тұлғаларға арналмаған.

    Қосымша ақпаратты Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды мониторингтеу және басқару бөлімінен +7 747 181 06 47 телефоны арқылы алуға болады (жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары