Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль түсті. 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Зейнеп Баянова жарыстың үздік үштігін түйіндеді.
Қола жүлде үшін белдесуде отандасымыз Беларусь өкілі, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Наталья Варакинамен кездесті. Тартысты белдесуде Зейнеп қарсыласынан айқын басым түсіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Зейнеп Баянова — жазғы Азия ойындары мен Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдегері.
Қазақстандық балуан әлем чемпионатындағы жолын 1/8 финалдан бастады. Алғашқы белдесуде Париж Олимпиадасына қатысқан Өзбекстан өкілі Ақтеңге Кеунимжаеваны жеңсе, ширек финалда Моңғолия балуаны Отгонжаргал Долгоржавтан басым түсті. Алайда жартылай финалда Үндістан өкілі Ниламға есе жіберді.
Осылайша, Зейнеп Баянова Астанадағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына қола медаль сыйлады. Бұл — әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының осы чемпионаттағы алғашқы жүлдесі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








