«Адал азамат»: Ақтөбеде 15 театр ұжымы бақ сынаған республикалық фестиваль қорытындыланды

    1 / 10

    Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Адал азамат» республикалық театр өнері фестивалі мәресіне жетті. Шығармашылық байқауға еліміздің әр өңірінен келген 15 театр ұжымы қатысып, өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

    Фестивальдің мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту, театр өнеріне қызығушылығын арттыру, сахналық мәдениетін қалыптастыру және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту.

    Байқау қорытындысы бойынша «Драма театры» номинациясында үш жас санатында жеңімпаздар анықталды.

    Аралас жас санатында Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының Мұқағали Мақатаев атындағы «Жас актер» театр ұжымы бас жүлдеге ие болды.

    10–14 жас аралығындағы орта жас санаты бойынша Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сахна» театр ұжымы үздік деп танылды.

    Ал 15–18 жас аралығындағы жоғары жас санатында Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы №3 орта мектептің «Шамшырақ» театр ұжымы бас жүлдені жеңіп алды.

    Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, мәдениет саласының өкілдері, қазылар алқасының мүшелері, педагогтер мен жас өнерпаздар қатысты.

    Қатысушыларға I, II және III дәрежелі дипломдар табысталды. Қазылар алқасы қойылымдарды шығармашылық шеберлігі, сахналық көркемдігі мен мазмұндық ерекшелігіне қарай бағалады.

    Байқауға Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Композиторлар одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Аманжол Дүйсенұлы, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллин және театр актрисасы Фатима Бердібекова қазылық етті.

    Фестиваль бағдарламасы аясында Талдықорған қаласынан келген «Жас актер» театр ұжымы өз өнерін көрсетті. Сонымен қатар Шығармашылық академиясының би ұжымы мен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары мерекелік бағдарламамен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

    «Адал азамат» республикалық фестивалі жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін танытуға және театр өнері арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары