Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен Tbilisi Finance Summit 2026 аясында екі ел арасындағы қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған AIFC Connect: Tbilisi 2026 іскерлік іс-шарасы өтті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Грузия Ұлттық банкі, GFTN және ITS ұйымдастырған іс-шараға реттеуші органдардың, банктердің, қор биржалары мен инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов екі ел арасындағы қарым-қатынастар достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделгенін атап өтті. Ол стратегиялық әріптестік экономикалық байланыстарды нығайтуға, трансшекаралық инвестицияларды кеңейтуге және бірлескен жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға АХҚО-ның бизнес жүргізу және капитал тарту мүмкіндіктері таныстырылды. Қаржы институттарының өзара іс-қимылы, капитал нарықтарын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы жобаларды қаржыландыру перспективалары талқыланды.
АХҚО мен Грузияның қаржы нарықтарына қатысушылардың өзара қол жеткізу тетіктерін әзірлеуге бағытталған «Өзара қол жеткізу және тану» жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жұмыс 2026 жылғы қыркүйекте АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен Грузия Ұлттық банкі арасында қол қойылған меморандумдағы уағдаластықтарды іске асыру аясында жүргізілуде.
Панельдік пікірталас пен іскерлік кездесулер барысында қазақстандық және грузиялық компаниялардың өкілдері инвестициялық мүмкіндіктер мен бірлескен бастамалардың перспективаларын қарастырды. Іс-шара екі елдің қаржы және іскер топтары арасында тікелей байланыстар орнатуға ықпал етті.









