Өз ісін ашуды немесе дамытуды көздейтін әйелдерге арналған «TalpynUp 7.0» халықаралық менторлық бағдарламасының жетінші легіне қатысуға өтінім қабылдау басталды.
Бағдарламаны Қазақстан бизнес-тренерлері қауымдастығы Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлікті зерттеу орталығымен бірлесіп жүзеге асырады. Үш жылдан астам уақыт ішінде жоба Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 600-ден астам әйелді біріктірді.
Бағдарламаның жаңа легі 2026 жылғы 10 қарашада басталып, алты айға созылады. Оқу толығымен онлайн форматта өткізіледі. Бағдарлама жүйелі оқытуды, жеке бизнес немесе бизнес-идея бойынша практикалық жұмысты, менторлық сүйемелдеуді және кәсіби нетворкингті қамтиды.
Бағдарлама аясында қатысушылар мынадай бағыттар бойынша білім алады:
- кәсіпкерлік ойлау;
- қаржылық тұрақтылық;
- маркетинг және сату;
- бизнесті және команданы басқару;
- бизнес-модельдеу;
- мақсатты аудиторияны зерттеу;
- бизнеске арналған жасанды интеллекттің заманауи құралдары.
TalpynUp 7.0 бағдарламасының ерекшелігі – әйелдердің төрт санатына тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Олар:
- көпбалалы аналар;
- балаларын өз бетінше тәрбиелеп отырған әйелдер;
- даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар;
- қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер.
Жоба ақылы білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі шектеулі әйелдерге кәсіпкерлік білім алып, менторлық қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.
Қалай қатысуға болады?
Бағдарламаға қатысу үшін Қазақстан бизнес-тренерлері қауымдастығының ресми сайтында өтінім толтыру қажет: https://qazcoach.com /.
Қосымша ақпарат қауымдастықтың Instagram парақшасында ( @business_treningi) және сайтында қолжетімді.









