Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және әділет саласындағы мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру мақсатында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің заң мамандығы бойынша төртінші курс студенттеріне дәріс өткізілді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелері, сот актілерін орындау мәселелері, сондай-ақ «Атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті» цифрлық сервисінің мүмкіндіктері қарастырылды.
Сервис өндіріп алушылар мен борышкерлерге кез келген уақытта атқарушылық іс жүргізу материалдарымен қашықтан танысуға, оның мәртебесін тексеруге, қабылданған шаралар туралы ақпарат алуға, сондай-ақ өтініштерді, арыздар мен өтінішхаттарды онлайн форматта жолдауға мүмкіндік береді. Осылайша азаматтар жеке сот орындаушысына бармай-ақ, атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы қажетті ақпаратты ала алады.
Сонымен қатар жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғаларды аттестаттаудан өткізу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары түсіндірілді.
Кездесу соңында жастардың құқықтық мәдениетін арттырудың, мемлекеттік қызметке қызығушылығын қалыптастырудың, болашақ заңгерлердің әділет органдарының қызметі туралы білімін кеңейтудің, сондай-ақ азаматтарды мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандырудың маңыздылығы атап өтілді.









