Елордадағы Локомотив құрастыру зауыты 17 жылда заманауи теміржол техникасын өндіретін әлемдік ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Жақында ғана зауытта құрастырылған жеті жүзінші локомотив – өндіріс қуатының артып, отандық өнімнің халықаралық нарықта өз орнын тапқандығының дәлелі іспетті.
Астанадағы №1 Индустриялық парк – өндірістің өзіндік тынысы бар мекен. Алып ғимараттар, үздіксіз қозғалыстағы техника, бір-бірімен жалғасқан цехтар... Ал локомотив құрастыру зауытының табалдырығынан аттаған сәтте бұл көрініс тіпті айқындала түсті.
Мұнда темір мен техника ғана емес, жүздеген адамның еңбегі тоғысады. Бір цехта ірі бөлшектер құрастырылса, енді бірінде дәнекерлеушілердің от шашқан ұшқындары жарқылдап жатыр. Басқа жерде алып білдектер металл өңдеп, мамандар келесі операцияға дайындық жасау үстінде. Осы өндірістік тізбектің бұл жолғы ең басты жаңалығы – жеті жүзінші локомотивтің шығарылуы.
«Локомотив құрастыру зауыты» АҚ 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпорында 530-дан астам адам еңбек етеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 локомотив шығаруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын Wabtec Corporation халықаралық тобының құрамына кіреді. Зауыт өнімдері ішкі нарықпен ғана шектелмей, шетелге де жол тартқан. Зауыт әкімшілігінің басшысы Рауан Донсебаев кәсіпорынның кейінгі жылдары экспорттық мүмкіндігі кеңейгенін айтады.
– Зауыт 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытта 700 локомотив шығардық. Оның 42-сі экспортқа жөнелтілді. Бүгінде біздің өнімдер сегіз елге жеткізілді. Бұрын негізінен Қазақстан мен ТМД нарығына жұмыс істесек, қазір әлемнің басқа нарықтарына да шығуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Астанада құрастырылған локомотивтер Әзербайжан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Моңғолия мен Өзбекстанға жеткізілген. Бұл – зауыттың ғана емес, отандық машина жасаудың мүмкіндігін көрсететін көрсеткіш.
«Wabtec» компаниясының елімізге салған тікелей инвестициясы 230 млн доллардан асады. Ол өндірістік қуатты арттыруға, технологиялар трансферті мен мамандар даярлауға бағытталған. Бүгінде зауыттың өзінен бөлек, оның айналасында қалыптасқан өндіріс пен сервистік ортада 1 400-ден астам маман еңбек етеді.
Репортаж барысында кабина мен оның бөлшектерін құрастыру цехына бас сұқтық. Мұнда жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Бір жерде металл кесіліп жатса, екінші тұста дәнекерлеушілер өз жұмысына кіріскен. Цех бастығы Айдос Қадырханның айтуынша, мұнда 60-қа жуық адам еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – дәнекерлеуші.
– Бұл жұмыста ең бастысы – қауіпсіздік пен сапа. Әр маман арнайы талаптарды сақтап, технология тәртібімен жұмыс істеуі керек. Дәнекерлеушілер арнайы даярлықтан өтеді. Жұмысқа келгеннен кейін де осы өндірістің технологиясына бейімделіп, қосымша үйренеді, – дейді Айдос Қадырхан.
Шынында, бұл – сырт көзге ғана темірді бір-біріне жалғау сияқты көрінуі мүмкін. Әр бөлшектің өз орны, әр жұмыстың өз тәртібі бар. Өйткені кейін осы бөлшектерден теміржол бойымен мыңдаған тонна жүк тартатын алып техника құралады.
Өндірістің ертеңі – жастар. Бірақ жас маманның кәсіпорынға келіп қана қоюы жеткіліксіз. Оның теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру маңызды. Зауыттағы сондай мамандардың бірі – Нұрболат Мұқашев. Ол кәсіпорында 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Университетті аяқтаған соң еңбек жолын осы зауытта бастаған Нұрболат алғашқыда арбашаларды жинау цехында білдекші болып жұмыс атқарған.
– Университеттен кейін бірден осында келдім. Еңбек жолымды білдекші болып бастадым. Арбаша рамаларын механикалық өңдеумен айналыстым. Екі жылдан кейін технолог қызметіне ауыстым. Білдекші болып істеген тәжірибем қазіргі жұмысымда көп көмектеседі. Өндіріс үдерісін тек технолог ретінде емес, оны өз қолыңмен атқарып көрген маман ретінде де түсінесің, – дейді ол.
Жас маманның бұл жолы өндірістегі кәсіби өсудің нақты көрінісі іспетті. Теорияны тәжірибемен ұштастырып, тәжірибені жаңа технологиямен толықтыру – бүгінгі зауыт жұмысының маңызды қағидаларының бірі.
Кәсіпорында цифрлық шешімдер де енгізіліп жатыр. Evolution сериялы жүк локомотивтерінде Trip Optimizer жүйесін пайдалану қолға алынған. Бұл технология локомотивті басқаруды оңтайландыруға, отын шығынын азайтып, пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, зауыттан шыққан 700 локомотив – көзге көрініп тұрған нақты нәтиже. Бірақ сол нәтиженің ар жағында жүздеген маманның күнделікті еңбегі бар. Бірі сызба әзірлейді, бірі металл өңдейді, енді бірі дәнекерлейді. Бір маман құрастыруға жауап берсе, екіншісі сапаны бақылайды. Осылайша, әр цехтағы еңбек бір арнаға тоғысып, ақыр соңында алып локомотив зауыт қақпасынан шығады.
Алайда өнеркәсіптің дамуы жаңа мәселені де алға тартып отыр. Ол – білікті маман тапшылығы. Бұл мәселені Индустриялық парк аумағындағы жалпы жағдаймен байланыстыра сөйлеген Астана қаласы Әкімшілендіру департаментінің директоры Алмат Әлімбай өндіріс орындары көбейген сайын техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс та артатынын айтты.
– Бүгінде №1 Индустриялық парк аумағында 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Бірақ кәсіпорындарда техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе дәнекерлеуші, инженер, түрлі техниканы басқаратын білікті жұмысшылар тапшы, – дейді Алмат Әлімбай.
Оның айтуынша, жұмыс берушілердің қажеттілігі Астана қаласының жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп анықталып, бос жұмыс орындары тиісті порталдарға жарияланып отырады. Алдағы уақытта Индустриялық парк аумағында тағы да жаңа кәсіпорындар іске қосылып, шамамен 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Егер жастардың жұмыс істеуге ынтасы болса, өндірісте мүмкіндік бар. Бүгінде қол еңбегін қажет ететін кәсіптермен қатар, инженерлік-техникалық мамандықтарға да сұраныс өте жоғары. Сондықтан жастардың осы салаларға бет бұруы маңызды, – дейді Алмат Әлімбай.
700 локомотивті шығарған алып зауыт емес, ең алдымен – адам. Темірді техникаға, ал техниканы қозғалысқа айналдыратын – маманның білімі мен қолының шеберлігі. Сондықтан Астанада шығарылған жеті жүзінші локомотив – өткен жолдың қорытындысы ғана емес, бұл – өндірістің әлі талай белесті бағындыратынына, ал оған қажетті ең басты күш – білікті маман екеніне меңзейтін жаңа белес.
дереккөз: https://egemen.kz/news/ondiris-quatyn-arttyrgan-zauyt
Өндіріс қуатын арттырған зауыт
1 / 2
Ұқсас материалдар

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА ҚРҰБ және ИПБ басқаруындағы инвестициялық портфельдерге 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шолу
Үржар ауданының әкімдігіАшу
«Зияткер ұстаз» республикалық шахмат турнирінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша қорытындысы
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасыАшу
Құрметті Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Целиноград ауданының әкімдігіАшуКөкшетау қаласының прокуратурасы жалпы құны 343 млн теңгені құрайтын жерлер мемлекет кірісіне қайтарылды
Ақмола облысының прокуратурасыАшу
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған Telegram-бот іске қосылды: спорт секциясын бірнеше минутта табуға болады
ҚР ТСМАшу
"Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары

Астанада 31 қазан күні Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасыАшу
Құрметті кәсіпкерлер!
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасыАшу
Астанада MEGAPOLIS сауда орталығы ашылды
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасыАшу
Астанада жеке инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасыАшу
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасыАшу