Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

    1 / 6

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

    Негізгі бағыттар
    Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тарихи кезеңдегі негізгі міндеттер мен ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындады.

    Басты міндет – заманауи инфрақұрылымы мен халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, технологиялық тұрғыдан дамыған, қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстан құру.

    Инвестициялар және экономика
    Қазақстан жаңа инвестициялық кезеңге көшуі тиіс. Мемлекеттік қаражат жеке капиталды тартуға кепілдік беретін тетікке айналуы қажет. Үкіметке банктерді, даму институттарын, халықаралық қаржы ұйымдарын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) тарта отырып, ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін жұмылдыру тапсырылды.

    Капитал нарығын дамытуға және бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. KASE, АХҚО және Alatau City өзара тығыз әріптестік орнатуы қажет.

    Инвестициялық саясат пен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алатау қаласында жалпы құқықтың ағылшындық моделіне негізделген инвестициялық сот құру жоспарланып отыр. Осыған байланысты заңнамалық түзетулер 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін енгізілуі тиіс.

    Инфрақұрылым және құрылыс
    Еліміз азаматтық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту кезеңіне қадам басып отыр. Автомобиль және теміржолдарды, көпірлерді, инженерлік желілерді, энергетикалық нысандарды, мектептерді, ауруханаларды, спорт және мәдениет нысандарын салу әрі жаңғырту міндеті тұр.

    Президент мемлекеттік инвестициялар жеке капиталды тартуға серпін беруі керектігін атап өтті. Ал инфрақұрылымдық жобалар жаңа өндірістерді іске қосуға және жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.

    Көлік және логистика
    Қазақстан өзінің географиялық орналасу артықшылығын тиімді пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы қажет. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

    Негізгі міндет – транзиттік аумақ рөлінен халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне көтерілу. Бұл ретте отандық логистикалық операторларды, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын дамыту, сондай-ақ көлік тораптары маңында өндіріс орындары мен сауда алаңдарын құру басым бағыттар саналады.

    Келесі жылы барлық автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялауды аяқтап, жолдардың сапалы салынуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар көлік саласын толық цифрландыру міндеті қойылды.

    Энергетика
    2029 жылға қарай Қазақстан тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізуі тиіс. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы станциялар мен электр беру желілерін жаңғырту, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасын дамыту қажет.

    Президент 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді өзектендіру қажеттігін атап өтті.

    Атом энергетикасына да ерекше назар аударылды. Уранның стратегиялық қорын қалыптастыру, технологияларды беру және отандық мамандарды даярлау ұсынылды. Сондай-ақ «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау мүмкіндігі мен «Мойынқұм» АЭС-іне қатысты жұмыстарды жеделдету мәселесі көтерілді.

    Су ресурстары
    Су ресурстарының тапшылығы стратегиялық проблема ретінде айқындалды. Су шығынын азайту, су тұтынуға бақылауды күшейту, тарифтік реформаны аяқтау және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру қажет.

    Шағын және орта бизнес
    Шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуын кеңейту, сатып алулардың белгілі бір бөлігін шағын және орта бизнес субъектілеріне резервтеу, сондай-ақ жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету ұсынылды.

    Сонымен қатар бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғырту және цифрлық реттеуге көшу құралы ретінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау ұсынылды.

    Президент экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру жұмыстарын жалғастыруды да тапсырды.

    Цифрлық экономика және жасанды интеллект
    Қазақстан қарапайым автоматтандырудан толыққанды цифрлық экономикаға көшуі қажет. Басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, цифрлық платформалар, блокчейн, активтерді токенизациялау, цифрлық жұмыспен қамту және деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) дамыту бар.

    Стратегиялық мақсат – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, жұмыс істеуіне, кәсіпкерлікпен айналысуына және капитал тартуына мүмкіндік беретін «халықтық цифрлық экономиканы» қалыптастыру.

    Салық саясаты
    Салық жүйесі бизнес үшін түсінікті әрі болжамды болуы керек. Президент жаңа Салық кодексінің нормаларындағы қайшылықтар мен екіұшты түсіндірулерді жоюды, сондай-ақ инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтіретін артық салықтық жүктемені азайтуды тапсырды.

    Сонымен қатар ірі байлық иелері үшін жоғарылатылған салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылау ұсынылды.

    Әлеуметтік саясат
    Президент қысқа мерзімді әлеуметтік мәселелерді шешуден азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтетін ұзақ мерзімді шараларға көшу қажеттігін атап өтті.

    Халық санының өсуі мен ішкі көші-қон мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын алдын ала дамытуды талап етеді.

    Елдің ұзақ мерзімді дамуы
    Президент Әкімшілігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ ғылыми орталықтармен бірлесіп, бір жыл ішінде Қазақстан дамуының басымдықтарын ұзақ мерзімді перспективада айқындайтын құжат әзірлеу тапсырылды.

    Осылайша, ел дамуының жаңа кезеңі инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды, жаңа инвестициялық циклді қалыптастыруды, логистика мен энергетиканы дамытуды, цифрлық трансформацияны, бизнесті қолдауды және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге жағдай жасауды көздейді.

    Басты бағдар – Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру және еліміздің болашақтағы орнықты дамуына берік негіз қалыптастыру.
    https://t.me/aqorda_resmi

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары