ОТЫРАРДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

    1 / 24

    Отырар ауданында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғырту» тақырыбындағы халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі басталды.

    Іс-шараның басты мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологиялық ерекшеліктерін насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.

    Киелі Отырар өңірінде ұйымдастырылған игі бастамаға шетелдік қонақтар мен отандық шеберлер үлкен қызығушылық танытып, белсенді қатысуда. Атап айтқанда, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және еліміздің түрлі өңірлерінен келген тәжірибелі керамика шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

    Іс-шараның ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Тынық мұхиты мен Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы, «Біздің мұра» қорының президенті Айжан Бекқұлова, ҚР Суретшілер және архитекторлар одағының мүшесі, қыш шебері әрі дизайнер Марат Сарсебаев және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов қатысты. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, дәстүрлі қолөнерді дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

    Жиын барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

    Салтанатты шараның маңызды сәттерінің бірі – жәрмеңкенің ашылу лентасын қию рәсімі болды. Бұл құрмет Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевке, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұловаға және қыш шебері Марат Сарсебаевқа көрсетілді.

    Салтанатты шарадан кейін қонақтар мен қатысушылар қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесімен танысып, шеберлік сабақтарына қатысты. Жәрмеңке жұмысы кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары