Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен еліміздің оннан астам өңірінен келген делегация Түркістан облысының Сауран ауданында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан «Ауылды дамыту командасы» жобасының барысымен танысты. Құрамында өңір әкімдерінің кәсіпкерлік мәселелеріне жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері бар делегация Түркістан облысына ауылдарды дамыту және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы тәжірибені зерделеу үшін арнайы келді.
Қонақтарға жобаның жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастаманың маңыздылығына тоқталып, әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.
Жоба Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылып жатыр. Округ құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Мұнда 6 920 тұрғын тұрады, 960 жеке қосалқы шаруашылық бар.
«Ауылды дамыту командасы» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын зерделеп, әр отбасының қажеттілігіне қарай нақты қолдау көрсету. Осы бағытта тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқуға жіберу, кәсіп бастауға жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау шараларына тарту көзделген.
Жобаны жүзеге асыруға жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандары тартылады. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеуден бастап, бизнес-жоспар әзірлеу мен кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға дейін жан-жақты сүйемелдеу көрсетеді. Әр отбасының жағдайы жеке қарастырылып, көрсетілген көмектің нәтижесі тұрақты бақылауда болады.
Пилоттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасына тарту және жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын арттыру. Осы мақсатта Бабайқорған ауылдық округіндегі ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүмкіндіктерін пайдалану жоспарланған. Ұсынылған модель бойынша 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооператив арқылы өткізуге жағдай жасау және бес адамды жұмыспен қамту көзделген.
Сапар барысында делегация мүшелеріне ауыл тұрғындарымен жұмысты ұйымдастыру, отбасылардың табыс көздерін арттыру және жергілікті шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалану тетіктері таныстырылды.
«Ауылды дамыту командасы» жобасы ауылдағы мәселелерді кешенді шешуге, тұрғындардың тұрақты табыс табуына және жергілікті экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Сауран ауданында қолға алынған пилоттық жобаның тәжірибесі басқа өңірлерде де осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға негіз болмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









