ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби білім алуға арналған цифрлық қызметтерді жетілдіруді жалғастыруда. Skills Enbek платформасындағы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-боттың мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді ол азаматтарға кәсіби тәжірибесі, бойындағы дағдылары мен мансаптық мақсаттарын ескере отырып, өзіне сай оқу курстарын таңдауға жәрдемдеседі.
Бұл функцияны «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ әзірлеген. Егер азаматтың Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында түйіндемесі болса, чат-бот ондағы білімі, еңбек өтілі мен дағдылары туралы мәліметтерді талдап, соған сәйкес келетін оқу курстарын ұсынады.
Ал түйіндемесі жоқ азаматтар өздерінің кәсіби қызығушылықтары мен үйренгісі келетін дағдыларын өздері көрсете алады. Осы мәліметтер негізінде чат-бот бірнеше оқу курсын ұсынады. Ал қай курсты таңдайтынын азамат өзі шешеді.
Мұндай жеке ұсыныстар біліктілікті арттыруға, қосымша дағдыларды меңгеруге немесе басқа мамандыққа ауысуға қажетті курсты табуға мүмкіндік береді. Платформада тегін де, ақылы да курстар бар.
Қазір Skills Enbek платформасында 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Мұнда түрлі бағыт бойынша 568 онлайн курс орналастырылған. Оның 60 пайыздан астамы – тегін. Платформа жұмыс істей бастағалы бері 1,29 миллионнан астам сертификат берілген.
2026 жылдың тоғыз айында платформадан 114,8 мыңнан астам қазақстандық оқу курстарын сәтті аяқтаған. Олардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар.
Курсты сәтті аяқтаған пайдаланушыларға электронды сертификат беріледі. Егер азаматтың Enbek.kz платформасында түйіндемесі болса, алған сертификаттары туралы мәліметтер оған автоматты түрде енгізіледі. Осылайша жұмыс берушілер үміткердің қандай курстардан өткенін және қандай дағдыларды меңгергенін көре алады.
Чат-ботты пайдаланып, өзіңізге сай оқу курстарын Skills Enbek платформасы арқылы таңдауға болады.






