Қазақстан Республикасында есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен қолданылуының құқықтық салдары
Есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен медициналық мақсаттан тыс қолданылуы адам денсаулығына және қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан Республикасында есірткі қылмыстарына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырумен тығыз байланысты.
Қолданыстағы заңнамада есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау және тарату үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Әсіресе есірткі өндіру мен өткізгені үшін қатаң жаза қарастырылған. Кәмелетке толмағандарды есірткіге тарту, білім беру ұйымдарының аумағында немесе маңында қылмыс жасау, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет ету жауапкершілікті ауырлатады.
Есірткі құралдарын медициналық мақсаттан тыс қолданғаны үшін де заңда белгіленген жағдайларда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл заң талаптарын сақтаудың және өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын көрсетеді.
Есірткіге тәуелділіктің алдын алуға, жастардың құқықтық тәрбиесіне және азаматтарға тыйым салынған заттарды қолдану мен таратудың зардаптары туралы түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару қажет.
Қорытындылай келе, есірткіге қарсы күрес құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Оның басты бағыттары – құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғам денсаулығын сақтау. Заңды сақтау – азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатының маңызды кепілі.









