Қоңыраудан көмекке дейін: Қазақстан ТЖМ 112 қызметі қалай жұмыс істейді

    Шұғыл әрекет етуді талап ететін әрбір хабарламаның артында диспетчерлік қызметтің оқиғаның мән-жайын анықтаудан бастап, жедел қызмет бөлімшелерінің іс-қимылдарын үйлестіруге дейінгі жүйелі жұмысы тұр.

    112 нөміріне қоңырау түскеннен кейін көмек қалай ұйымдастырылады?

    1. Хабарламаны қабылдау. Диспетчер не болғанын, өтініш берушінің қай жерде екенін, зардап шеккендердің бар-жоғын және өмір мен денсаулыққа қауіп төніп тұрғанын анықтайды. Егер нақты мекенжай белгісіз болса, елді мекеннің атауын, жолды, жақын маңдағы ғимараттарды немесе басқа да бағдарларды айту маңызды. Нақтылаушы сұрақтар көмек көрсетуді ұйымдастыруға қажетті мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. Қоңырау шалушы сабыр сақтап, сұрақтарға анық жауап беріп, өзіне белгілі барлық мән-жайды хабарлауы керек.

    2. Жағдайды бағалау және қажетті қызметтерді анықтау. Алынған мәліметтер негізінде диспетчер оқиғаның сипатын бағалап, көмек көрсетуге қандай қызметтерді жұмылдыру қажеттігін анықтайды.

    3. Ақпаратты беру және бөлімшелерді жіберу. Оқиғаның мән-жайына қарай оқиға орнына өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадалары, авариялық газ қызметі және басқа да тиісті бөлімшелер жіберіледі. Кейбір жағдайларда бірнеше қызметтің бір мезгілде әрекет етуі қажет.

    4. Іс-қимылдарды үйлестіру. «112» Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі кезекші-диспетчерлік қызметтердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Жағдай өзгерген немесе жаңа мәліметтер түскен кезде ақпарат нақтыланып, қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар тартылады.

    5. Жедел әрекет ету барысын сүйемелдеу. Ақпарат тиісті қызметтерге берілгеннен кейін де диспетчерлік қызметтің жұмысы жалғасады. Диспетчерлер жұмылдырылған бөлімшелерден мәліметтер алып, қажет болған жағдайда оларға қосымша ақпарат береді. Әңгімелесу барысында диспетчерлер қауіп төнген жағдайда қалған адамға қолдау көрсетіп, мамандар келгенге дейін өз құзыреті шегінде нұсқаулар бере алады.

    Көмекті барынша жедел ұйымдастыру үшін оқиға орнын нақты хабарлап, диспетчердің сұрақтарына жауап беру, оның нұсқауларын орындау және қосымша нұсқаулар берілгенге дейін мүмкіндігінше байланыста болу маңызды.

    Дереккөз: ҚР Төтенше жағлайдар министрлігінің сайты

    Қоңыраудан көмекке дейін: Қазақстан ТЖМ 112 қызметі қалай жұмыс істейді

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақсу ауданының әкімдігі" жаңалықтары