Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттар

    Сөзінің басында Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдаудың ерекше маңыздылығына тоқталды.

    2027 жыл – Халықтық құрылыс жылы

    Президент 2027 жылды ауқымды жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялады.

    Негізгі ой мынадай болды: әлемді жасанды интеллект жаулап жатқан кезеңде Қазақстан өмір сүруге қажетті нақты әрі берік негіз қалыптастырады.

    «Жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлеріне жалпыхалықтық ортақ жауап – құрылыс салу және тағы да құрылыс салу», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

    Құрылыс жұмыстары ірі мегаполистерден бастап шалғай ауылдарға дейін еліміздің барлық өңірін қамтиды.

    Жаңа автомобиль жолдары салынып, вокзалдар мен әуежайлар жаңартылады. Ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар мен шығармашылық үйлер бой көтереді. Тұрғын үй құрылысы жалғасып, елді мекендерге газ және таза ауызсу жеткізіледі.

    Қазақстанды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді

    2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлу көзделген.

    Президент Тоқаев бұл шешімді түсіндіре келе, Ұлттық қордың басты міндеті қаражатты шоттарда сақтап қою ғана емес, оны қазақстандықтардың бүгінгі өмір сүру жағдайын жақсартуға бағыттау екенін атап өтті.

    «Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз оларға шоттарда жинақталған ақшаны қалдырумен ғана шектелмейді. Біз ұрпаққа сапалық тұрғыдан жаңа, технологиялық дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы, заманауи инфрақұрылымы және өмір сүрудің жоғары стандарттары бар, әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін елді салып, табыстауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, тіпті тарихи ауқымдағы миссиямыз десек те болады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

    2027 жылдың басында әлеуметтік жобаларға алғашқы 1,5 триллион теңге бағытталады.

    Қазақстан әлемдегі экономикасы ірі 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылуда

    Президент еліміздің экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2026 жылы Қазақстан мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуге ұмтылуда:

    1. 400 миллиард АҚШ доллары – елдің жалпы ішкі өнімі осы межеге жақындайды.
    2. 19 000 АҚШ доллары – жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі.
    3. Әлемде 47-орын – Қазақстан экономикасының көлемі бойынша осындай орынға көтерілуі көзделіп отыр.
    4. 14 пайыздан астам – жалпы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі.
    5. 130 миллиард АҚШ доллары – елдің жиынтық қаржылық қауіпсіздік қоры.

    Мемлекет басшысы бұл әлеуеттің қаражат түрінде шоттарда жатып, құнсыздануына жол бермеу керектігін атап өтті. Оны инфрақұрылымды, жолдарды, мектептер мен ауруханаларды еліміздің барлық өңірінде ауқымды жаңғыртуға бағыттау қажет.

    Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі

    2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін ұлғаяды. Президент Жолдауында алдағы өсім туралы да мәлімдеді.

    Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион қазақстандыққа тікелей әсер етеді. Бюджеттік салада жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысы артады.

    Ең төменгі жалақының өсуі қызметкерлердің табысына ғана емес, кейбір әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне, сондай-ақ зейнетақы жарналары мен мемлекеттік қорларға аударылатын төлемдерге де ықпал етуі мүмкін.

    Инфляция – «үнсіз жау»

    Президент инфляцияны «азаматтардың әл-ауқатын әлсірететін үнсіз жау» деп атады. Бағаның өсу қарқыны біршама баяулағанына қарамастан, жылдық инфляция 9,3 пайызды құрап, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

    Мемлекет басшысының негізгі талабы – Үкімет пен Ұлттық банктің баға өсімін тиімді тежеу үшін үйлесімді жұмыс істеуі.

    Тоқаев еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығы жоғары екенін атап өтті:

    • 75 триллион теңгеден астам – Қазақстан банктерінің активтері;
    • 52 триллион теңге – халық пен бизнестің жалпы депозиттерінің көлемі;
    • 78 пайыз – теңгемен сақталатын депозиттердің үлесі.

    Әлеуметтік көмек реформасы: «Аюдың қызметін көрсетпеу керек»

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалау мәселесіне де тоқталды.

    Ол мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж азаматтар ғана алуы тиіс екенін атап өтті.

    «Күрделі мәселені жан-жақты ойластырып, теңгерімді түрде, “екі жаққа да тиімді” қағидаты бойынша шешу қажет. Ешбір жағдайда аюдың қызметін көрсетпеу керек», – деді Мемлекет басшысы.

    «Салық кодексі – қасиетті жазба емес»

    Президент жаңа Салық кодексі нақты өмірдің талаптарынан алшақ болмауы керектігін және оған өзгерістер енгізу қажеттігін мәлімдеді.

    Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы заңнаманың күрделі әрі түсінуге қиын болып кеткенін, кәсіпкерлер үшін елеулі қиындықтар туғызатынын атап өтті.

    Үкіметке заңнамадағы қайшылықтарды жою, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу, теңгерімсіздіктер мен бизнеске түсетін артық жүктемені азайту тапсырылды.

    Үкімет кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асып, ережелерді үнемі өзгерте бермей, мұқият пысықталған нақты түзетулер пакетін әзірлеуі қажет.

    Жаңа Азаматтық кодекс

    Мемлекет басшысы келесі жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, қабылдау қажеттігін мәлімдеді.

    Қолданыстағы кодекс өз міндетін орындады: нарықтық экономика институттарын қалыптастыруға ықпал етті, азаматтық-құқықтық қатынастардың негізін қалады және меншік құқығын қорғауды бекітті.

    Жаңа кодекстің мақсаты – болашақ экономикасына көшу үшін құқықтық негіз қалыптастыру, инвесторлар, кәсіпкерлер мен азаматтар үшін тұрақты жағдай жасау.

    «Нағыз футбол ұйымдастырды»: Тоқаев жолдардың сапасына қатысты шенеуніктерді сынға алды

    Президент Қазақстандағы автомобиль жолдарының жағдайына қатысты қатаң пікір білдірді.

    Оның айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы регламенттерге сілтеме жасай отырып, мәселені шешудің орнына жауапкершілікті бір-біріне ысырып, түрлі сылтауларға жол берген.

    «Қайталап айтамын: бізге сапалы жолдар қажет. Битум мен қиыршықтастың сапасына қатысты сілтемелер қабылданбайды. Сапалы жолдар мен заманауи жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымынсыз Қазақстан жаһандық транзиттік магистраль немесе Еуразияның көлік-логистикалық торабы мәртебесіне үміткер бола алмайтынын еске саламын», – деп атап өтті Президент.

    Жолдарды жөндеу мен олардың сапасына қатысты жауапкершілікті толығымен Көлік министрлігіне жүктеу тапсырылды.

    Негізгі міндеттер:

    • барлық өңірді байланыстыратын заманауи автомобиль және теміржолдардың бірыңғай желісін қалыптастыру;
    • келесі жылдың соңына дейін мемлекеттік шекарадағы барлық автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялау жұмыстарын сапалы аяқтау.

    Мемлекеттік басқару реформасы

    Қазақстан Президенті мемлекеттік аппаратта жекелеген косметикалық өзгерістермен шектелмей, терең әрі түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды.

    Реформа жоспары 2027 жылғы 1 маусымға дейін ұсынылуы тиіс.

    Мемлекеттік қызметшілердің жұмысына жасанды интеллект енгізіліп, қағазбастылықты, қайталанатын функцияларды жоюға және шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге басымдық беріледі. Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі басқару құрылымы қайта қаралады.

    Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңартылған әдеп қағидаттары әзірленіп, олардың адалдығы мен кәсібилігіне қойылатын талаптар күшейтіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы мәслихатының аппараты" жаңалықтары