ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕ ОРТЕЗ ЖАСАТУҒА ӨТІНІШ БЕРУ ТӘРТІБІН ТҮСІНДІРЕДІ

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке протездік-ортопедиялық көмекке қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Алматыдағы Министрлікке қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының базасында жеке ортездерді жобалау және жасау зертханасы жұмыс істейді. Жоба аясында медициналық көрсетілімдер болған жағдайда балаларға ортездер тегін дайындалады. Бұл көмекті алу шарттары туралы Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары ақпарат ала алады.

    Ортез – дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, бекітуге немесе дұрыс қалыпқа келтіруге арналған ортопедиялық бұйым. Оны қолдану қажеттілігі мен қандай үлгіде жасалатынын мамандар науқастың денсаулық жағдайына, дене құрылысының ерекшеліктеріне және қимыл-қозғалыс мүмкіндіктеріне қарай анықтайды.

    Алғаш рет жүгіну үшін баланың ата-анасы немесе заңды өкілі kazto.kz сайтындағы кері байланыс нысанын толтырып, байланыс деректерін қалдыруы керек. Өтініште жеке ортез жасату мәселесі бойынша жүгініп отырғанын көрсету қажет. Сондай-ақ пациенттермен жұмыс жөніндегі менеджерге немесе зертхана меңгерушісіне тікелей хабарласуға болады.

    Орталық мамандары науқасқа қандай көмек қажет екенін анықтап, жобаға қатысу талаптарын түсіндіреді. Сондай-ақ алдағы тексеру жұмыстарын келіседі. Алдын ала қарау үшін медициналық қорытындыларды, ауруханадан берілген үзінді көшірмелерді және ортез қолдануға қатысты ұсынымдарды көрсетулері қажет. Ал дәрігердің жолдамасы, дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы және абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы керектігі нақты жағдайға және жобаның талаптарына сәйкес анықталады.

    Зертхана тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге ортез жасау бойынша көмек көрсетеді. Нақты бұйымды жасау мүмкіндігі мен оны алу шарттары Орталыққа жүгінген кезде анықталады. Ересектердің жобаға қатысу тәртібін бөлек нақтылау қажет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары