Қазақстан мен Kuwait Financial Centre инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

    Әл-Кувейт, 2026 жылғы 27 қазан – Қазақстанның Кувейттегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Financial Centre (Markaz) компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Дирар Юсуф Әл-Ғаниммен кездесу өткізді.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы қаржы және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, оның ішінде Қазақстандағы перспективалы жобаларға кувейттік капиталды тарту мүмкіндіктерін талқылады.

    Alatau City жобасының инвестициялық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Аталған жоба заманауи қалалық, коммерциялық және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Тараптар осы бастама аясындағы жобаларды іске асыруға кувейттік инвесторлардың қатысу мүмкіндіктерін қарастырып, нақты инвестициялық мүмкіндіктерді айқындау мақсатында келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

    Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және экспорттау салаларына инвестиция салуды қоса алғанда, Қазақстанмен агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелері талқыланды.

    Тараптар сондай-ақ Markaz компаниясы мен Қазақстанның қаржы институттары арасындағы, атап айтқанда, тікелей инвестициялар, инвестициялық қорлар және жобаларды бірлесіп қаржыландыру бағыттарындағы ықтимал ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтауға қызығушылық білдірді.

    Kuwait Financial Centre (Markaz) – 1974 жылы құрылған Кувейттің жетекші инвестициялық компанияларының бірі. Компанияның акциялары 1997 жылдан бері Кувейт қор биржасында саудаланады. Markaz қызметінің негізгі бағыттарына активтерді басқару, инвестициялық банкинг, инвестициялық қорларды басқару, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу және қаржылық консультациялық қызметтер жатады.Компания жеке және институционалдық инвесторлардың капиталын басқарады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық нарықтарда инвестициялық стратегияларды жүзеге асырады.2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Markaz компаниясының басқаруындағы активтердің көлемі шамамен 1,57 млрд кувейт динарын (5,1 млрд АҚШ долларына жуық) құрады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшілігі" жаңалықтары