Қазақстан Елшісі Jazeera Airways басшылығымен тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіру перспективаларын талқылады

    Әл-Кувейт, 2026 жылғы 13 қазан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев «Jazeera Airways» әуе компаниясының бас атқарушы директоры Баратан Пасупатимен кездесті.

    Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіру перспективаларын, сондай-ақ азаматтық авиация, туризм және сауда салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

    Елші тікелей әуе рейстерін қайта қалпына келтіру екіжақты қатынастарды нығайту, өзара туристік ағындарды ұлғайту, іскерлік байланыстарды жандандыру және қазақстандық өнімдердің Кувейт нарығына жеткізілімін кеңейту үшін маңызды екенін атап өтті.

    Өз кезегінде, «Jazeera Airways» басшылығы Қазақстан бағытына деген қызығушылығының сақталып отырғанын растады және өңірдегі жағдай тұрақтанып, ұшуларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптасқан кезде екі ел арасындағы тікелей рейстерді қайта қалпына келтіруге ниетті екенін білдірді.

    Тараптар Қазақстанның Кувейт азаматтары үшін туристік бағыт ретіндегі елеулі әлеуетін атап өтіп, еліміздің табиғи көрікті жерлері мен сан алуан демалыс мүмкіндіктерінің тартымдылығына назар аударды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс байланыстарын сақтауға және тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екендерін білдірді.

    «Jazeera Airways» – Таяу Шығыс, Азия, Еуропа және Африка елдеріндегі 50-ден астам бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын кувейттік жеке әуе компаниясы. 2021 жылы әуе компаниясы Эль-Кувейт пен Алматы арасында тікелей рейстер ашты, алайда кейіннен өңірдегі жағдайға байланысты олардың орындалуы тоқтатылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшілігі" жаңалықтары