Республика күні қарсаңында Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде қызметкерлер арасында кәсіби байқау өтті. Байқауға облыстағы бес мекеменің, сондай-ақ пробация қызметінің өкілдері қатысты.
Байқау кәсіби білімді, практикалық дағдыларды, шығармашылық әлеуетті және қызметке деген адалдықты көрсетуге мүмкіндік берді. Қатысушыларға үш кезеңнен өту міндеті жүктелді. Әр кезең олардың кәсіби қызметінің әртүрлі қырларын ашуға бағытталды.
Бірінші кезең — «Мен — кәсіби маманмын» — қатысушылардың жеке тарихына арналды. Қызметкерлер өздерін таныстырып, кәсіби жолдары, жетістіктері мен жұмыс тәжірибесі туралы баяндады. Осылайша, олар таңдаған мамандығы бойынша жүріп өткен жолдарын көрсетті.
Екінші кезең — «Заң және кәсібилік» — байқауға қатысушылардан терең теориялық біліммен қатар, оны тәжірибеде қолдана білуді талап етті. Қатысушылар ҚАЖ мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларын, Қазақстан Республикасының «Пробация туралы» Заңын, сондай-ақ сотталғандармен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандартты қағидаларын белгілейтін Нельсон Мандела қағидаларын білуге қатысты үш ситуациялық тапсырманы шешті.
Үшінші кезең — «ҚАЖ болашағы» — қатысушыларға шығармашылық қабілеттерін танытып, қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі өз көзқарастарын ұсынуға мүмкіндік берді. Дайындалған бейнероликтер мен презентациялар арқылы қызметкерлер өз идеяларымен, пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісіп, қызметтің болашағын қалай елестететіндерін көрсетті.
Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау үшін құзыретті қазылар алқасы құрылды. Оның құрамына Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Азат Арыков, департамент бөлімдерінің басшылары, «Антарес А» қоғамдық қорының жетекшісі Рүстем Қайсағалиев, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазбек Иманқұлов кірді.
Байқау басталар алдында Азат Арықов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік, өз күштеріне сенімділік және лайықты өнер көрсету тілегін білдірді. Ол байқауға қатысудың өзі әр қызметкердің өз мекемесіндегі әріптестері мен басшылығы тарапынан мойындалғанын білдіретінін атап өтті. Қатысушылардың әрқайсысы іріктеуден өтіп, өз ұжымын облыстық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан олардың әрқайсысын жеңімпаз деп атауға болады.
Байқаудың барлық кезеңінде қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, кәсіби құзыреттілігін, жауапкершілігін және дамуға деген ұмтылысын көрсетті. Әрқайсысы тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарап, өз білімін, тәжірибесін және жеке ерекшеліктерін барынша толық танытуға тырысты.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Бірінші орын — №63 мекеменің режим және қадағалау бөлімінің бақылаушысы, әділет кіші сержанты Камила Дюсембенова.
Екінші орын — №44 мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Аян Смағұлов.
Үшінші орын — Павлодар қаласының пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Айгерім Асқарқызы.








