Қазақстанның Бас консулы Самарқандтағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

    1 / 6

    2026 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов «Орталық Азия өңірінде жүріп жатқан интеграциялық үдерістердің мәдени, лингвистикалық және әдеби мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Іс-шара Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті жанындағы Орталық Азия халықтарының тілдері мен мәдениеті институтында өтті.

    Конференцияға Орталық Азия мемлекеттері мен Түркияның жетекші ғалымдары, тіл мамандары, филологтары, әдебиеттанушылары мен сарапшылары қатысты.

    Талғат Шәріпов құттықтау сөзінде мемлекетаралық байланыстарды нығайтудағы ғылыми және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңызды рөлін атап өтті. Ол ортақ тарихи мұраны сақтау және мәдениетаралық диалогті одан әрі тереңдету қажеттігін айтты. Дипломат халықтарды жақындастырудағы, тату көршілікті нығайтудағы және бейінді ғылыми мекемелер арасындағы әріптестікті кеңейтудегі тілдік және әдеби байланыстардың рөліне ерекше назар аударды.

    Конференцияға қатысушылар мәдени бірегейлікті сақтау, гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін, сондай-ақ білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Секциялық отырыстар аясында ортақ тарихи тамырларға, тілдік ұқсастықтар мен әдеби байланыстарға арналған баяндамалар ұсынылды.

    Конференцияда Қазақстан атынан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті Тарих кафедрасының профессоры Эльмира Зулпихарова қатысты. Ол «Қазақ және өзбек тілдеріндегі ортақ кісі есімдері» тақырыбында баяндама жасап, антропонимдердегі ортақтықты екі халықтың терең тарихи және мәдени байланыстарының жарқын айғағы ретінде қарастырды.

    Жалпы, баяндамашылардың сөздері түркі әлемі мен парсы-тәжік мәдени кеңістігінің тілдерін, әдебиеті мен дәстүрлерін зерттеудегі ғылыми тәсілдердің сан алуандығын көрсетіп, академиялық дипломатияның маңызын айқындады. Іс-шара пікір алмасуға және Орталық Азиядағы интеграцияны одан әрі ілгерілету мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге арналған беделді алаңға айналды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Самарканд қаласындағы Бас консулдығы" жаңалықтары