Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының делегациясы Азия конституциялық соттары қауымдастығының VII Конгресіне қатысты

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының делегациясы Азия конституциялық соттары қауымдастығының VII Конгресіне қатысты

    2026 жылғы 1-2 қазанда Самарқанд қаласында «Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы конституциялық сот төрелігі» тақырыбында Азия конституциялық соттары және баламалы институттар қауымдастығының (AACC) VII Конгресі өтті.

    Халықаралық форумға 20-дан астам мемлекеттің конституциялық және жоғарғы соттарының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ құқық саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.

    Қазақстан Республикасының делегациясын ҚР Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов басқарды.

    Конституциялық сот төрелігін цифрландыруға арналған алғашқы пленарлық отырыс барысында ол конституциялық бақылау саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануға қатысты Қазақстанның тәжірибесі мен тәсілдерін таныстырды. Бақыт Нұрмұханов Конституциялық Соттың қызметінде цифрлық шешімдерді практикалық қолдану, оның ішінде сот отырыстарының аудио және бейнежазбасын жүргізу, конституциялық іс жүргізу субъектілерінің қашықтан қатысуы, электрондық құжат айналымы және азаматтарға Сотқа электрондық форматта өтініш жолдауға мүмкіндік беретін «e-Otinish» платформасы туралы айтып берді.

    «Конституциялық сот төрелігін цифрландыру – дамудың стратегиялық маңызды бағыты. Алайда адам құқықтары мен құқықтық тәртіптің тұрақтылығының кепілі ретіндегі конституциялық соттың ерекше рөлін ескере отырып, жаңа технологияларды енгізу оларды қолданудың құқықтық тетіктерін озық жетілдірумен қатар жүруге тиіс. Жасанды интеллект конституциялық сот төрелігінің қолжетімділігін арттырудың тиімді құралы бола алады. Алайда қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік тек адамда қалуға тиіс. Технологиялар судья мен өтініш берушіге көмектесуі керек, бірақ олардың орнын алмастырмауы тиіс», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.

    Конгресс барысында қатысушылар цифрлық трансформация жағдайындағы сот билігінің тәуелсіздігі, цифрлық ортада адам құқықтары мен құқық үстемдігін қорғау, жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық шектері, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және процестік кепілдіктер мәселелерін талқылады.

    Іс-шара қорытындысы бойынша конституциялық сот төрелігін одан әрі жетілдіруге, адам құқықтары мен құқық үстемдігін қорғауды нығайтуға, сондай-ақ цифрлық және технологиялық трансформация жағдайында конституциялық юрисдикция органдары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Самарқанд декларациясы қабылданды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары