Департамент жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтатудың оңайлатылған тәртібі туралы хабарлайды

    📌 Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің нормаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы № 654 «Салық төлеушілердің таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығы қабылданды.

    ⚖️ Қызметті тоқтатудың оңайлатылған тәртібін кім қолдана алады?

    Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 74-бабының 6-тармағына сәйкес қызметті тоқтату кезінде салықтық міндеттемені орындаудың оңайлатылған тәртібі көзделген.

    Осы тәртіпті бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін жеке кәсіпкерлер қолдана алады:

    ✅ қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын;

    ✅ бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметін жүзеге асырмайтын;

    ✅ оңайлатылған тәртіпте қызметті тоқтатуға жол берілмейтін жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын;

    ✅ салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;

    ✅ тарату салық есептілігінен бұрынғы салық кезеңі үшін салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындаған;

    ✅ орындалмаған хабарламалары, оның ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалары жоқ;

    ✅ ашық банк шоттары жоқ.

    📝 Қандай құжаттарды ұсыну қажет?

    Қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату үшін жеке кәсіпкер Салық төлеушінің кабинеті арқылы электрондық түрде мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:

    🔹 қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш;

    🔹 тарату салық есептілігі;

    🔹 бақылау-касса машинасы болған жағдайда, оны есептен шығару туралы салықтық өтініш.

    ⏳ Қызметті тоқтату рәсімі қанша уақытқа созылады?

    Салықтық өтініш берілген күннен бастап жеке кәсіпкерді тіркеу есебінен шығарғанға дейінгі рәсімнің жалпы мерзімі шамамен 13–15 күнді құрайды.

    Бұл ретте мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері аталған рәсімге тікелей қатыспайды, өйткені негізгі кезеңдер ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

    🔎 Рәсім қалай жүргізіледі?

    📍 Бірінші кезең. Қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіне келіп түскеннен кейін салық төлеуші туралы қосымша мәліметтерде «Тарату сатысында» мәртебесі автоматты түрде қалыптастырылады.

    📍 Екінші кезең. 10 күнтізбелік күн ішінде жүйе жеке кәсіпкердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Атап айтқанда, берешектің болуы, тарату салық есептілігінің ұсынылуы, тәуекел дәрежесі, орындалмаған хабарламалардың болуы және басқа да талаптар тексеріледі.

    📍 Үшінші кезең. Егер жеке кәсіпкер барлық белгіленген талаптарға сәйкес келсе, 10 күнтізбелік күн өткеннен кейін жүйе салықтық өтінішке автоматты түрде «Өңделді» мәртебесін береді. Салық төлеуші туралы қосымша мәліметтерде «Тарату сатысында» мәртебесінің аяқталған күні көрсетіледі.

    📍 Төртінші кезең. Келесі үш жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкер тіркеу есебінен автоматты түрде шығарылады.

    ⚠️ Неге ерекше назар аудару қажет?

    Тарату салық есептілігінде көрсетілген салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелер тарату салық есептілігі мемлекеттік кірістер органына ұсынылған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей орындалуы тиіс.

    Іс жүзінде қызметті тоқтатудан бас тартудың жиі кездесетін себептерінің бірі — міндетті төлемдер бойынша берешектің болуы. Оның ішінде қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш берілген есепті ай үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар бойынша берешек те бар.

    💡 Жеке кәсіпкерлерге арналған ұсынымдар

    Қызметті тоқтатудан бас тартуды болдырмау үшін мынадай әрекеттерді орындауды ұсынамыз:

    🔹 салықтық өтініш берілгеннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң дербес шоттардағы берешектің бар-жоғын қайта тексеру;

    🔹 берешек анықталған жағдайда төлемді соңғы күндерге қалдырмай, мүмкіндігінше дереу төлеу;

    🔹 төлем туралы мәліметтердің жүйеде көрсетілгеніне және берешектің жоқтығына көз жеткізу.

    Бұл жүйеге төлемдердің түскенін уақтылы тіркеуге және заңнамада белгіленген басқа да талаптар орындалған жағдайда өтінішті оң нәтижемен өңдеуге мүмкіндік береді.

    ❗ Маңызды! Автоматты тексеру кезінде берешек сақталса немесе белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталса, жүйе қызметті тоқтатудан бас тартады. Мұндай жағдайда жеке кәсіпкер бас тарту себептерін жойып, қызметті тоқтату рәсімінен қайта өтуі қажет. Ол үшін қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті қайта тапсырып, тарату салық есептілігін ұсыну қажет.

    📌 Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлерге қызметті тоқтату рәсімін бастамас бұрын барлық салықтық міндеттемелердің орындалуын мұқият тексеруді, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеуді және дербес шоттардың жай-күйін бақылауды ұсынады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары