Қарағанды облысының Осакаров кентінде Республика күні қарсаңында аудандағы алғашқы модульдік ветеринариялық пункт ашылды. Жаңа нысан ветеринар мамандардың жұмысын жеңілдетіп, ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және малға қажетті ветеринариялық шараларды қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Осакаров ауданында 23 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Алайда олардың біразында жеке ғимараты жоқ. Осы мәселені шешу мақсатында ауданда модульдік ветеринариялық пункттер салу қолға алынған.

Бұған дейін аудан орталығындағы ветеринарлар әкімдік ғимаратында жұмыс істеген. Енді мамандар үш жұмыс орны жабдықталған, вакциналар мен биологиялық препараттарды сақтауға қолайлы жағдай жасалған жеке ғимаратқа орналасты.

Мұнда малға вакцина егу, зертханалық талдау үшін қан сынамаларын алу және басқа да ветеринариялық шараларды жүргізуге болады.

Жаңа нысанның жанынан 180–200 бас ірі қараға арналған арнайы қора да салынған.

Енді ауыл тұрғындары малын осында өздері әкеле алады. Бұл ветеринар мамандардың әр шаруашылыққа жеке-жеке бару қажеттілігін азайтып, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға жол ашады.

— Жануарлардың саулығы, азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты аурулардың алдын алу шараларын уақтылы жүргізуге және ветеринариялық қызметтердің сапасына тікелей байланысты. Жаңа пункт осы бағыттағы жұмысты анағұрлым жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - деді нысанның ашылу салтанатында Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.
Жаңа пункттің жағдайына ветеринар мамандар да, ауыл тұрғындары да дән риза.

— Ветеринария саласын дамытуға осындай көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Жаңа пунктте мамандарға да, біз сияқты мал иелеріне де қолайлы жағдай жасалған, - дейді фермер Асылжан Бәукенов.

Ветеринария саласында 11 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Николай Беденов мұндай жағдайдың бұрын болмағанын айтады. Оның сөзінше, жаңа ғимарат мамандардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, еңбек етуге қолайлы орта қалыптастырады. Тіпті мұнда душ бөлмесі де қарастырылған.
Ауданда мал қоралары бар осындай тағы он модульдік ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін олардың барлығы пайдалануға беріледі.
Ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. 2027 жылы ауданда тағы тоғыз жаңа нысан салу жоспарланып отыр.









