Қарағанды облысынан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының екі финалисі Қытайда өтіп жатқан іскерлік іс-шараларға қатысуда. Құндыз Хапан шырғанақтан табиғи өнімдер өндірсе, Жаннұр Төлеубаева жүн мен киізден бұйымдар жасайтын брендін дамытып келеді. Қытайға сапар кәсіпкерлерге шетелдік тәжірибені зерделеуге, іскерлік байланыс орнатуға және өндірісті өркендетудің жаңа жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

Уцзяцюй қаласында өтіп жатқан кәсіпкерлер форумында және халықаралық конференцияда алты елдің өкілдері өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жаңа іскерлік байланыстар орнатуда.
Құндыз Хапан мен Жаннұр Төлеубаева биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінде үздік он финалистің қатарына енді. Жоба жергілікті өндірушілерге өз брендтерін қалыптастыруға, өнім сапасын жақсартуға және жаңа нарықтарға шығуға қолдау көрсетеді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, Қытайдағы кездесулер олардың кәсібін дамытуға тың серпін берген.

Ақтоғай ауданынан барған Жаннұр Төлеубаева жергілікті шикізатты терең өңдеуді қолға алуды жоспарлап отыр. Оның QYZYLARAI WOOL & LANOLIN жобасы қой жүнін өңдеуге негізделген өндіріс орнын құруды көздейді.
— Бұл сапар мен үшін жобамды дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Қажетті жабдықтарды зерттеп, қой жүнін бастапқы өңдеу технологияларымен танысып, Қытаймен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырып жүрмін. Мақсатымыз — туған ауданымызда өндіріс ашып, жергілікті шикізатты өңдеу және жаңа жұмыс орындарын құру, - деді Жаннұр Төлеубаева.
Осакаров ауданынан барған Құндыз Хапан да сапар барысында басқа елдердің кәсіпкерлерімен серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Олардың қатарында Моңғолиядағы халықаралық сауда компаниясының басшысы да бар.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша









