Прокуратура Қаражалдағы инвестициялық жобаға кедергі болған 23 млн теңгелік ауыртпалықты жоюға көмектесті

    Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен құны 2,5 млрд теңгені құрайтын темір-марганец кендерін өндіру жобасын іске асыруға кедергі келтірген әкімшілік тосқауылды жойды.
    «Сарыарқа IRON» ЖШС Үлкен Қытай кен орнында инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен инвесторға жер учаскесі қайтарылып, жер қойнауын пайдалану келісімшарты қалпына келтірілді.
    Алайда бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының 23 млн теңге көлеміндегі салық берешегіне байланысты туындаған ауыртпалық салдарынан жер учаскесін толық рәсімдеу мүмкін болмаған. Бұл ретте атап өту керек, инвестордың аталған міндеттемелерге қатысы жоқ және ол басқа заңды тұлғаның берешегі үшін жауапты емес.
    Сондықтан прокурорлық қадағалау акті бойынша заңсыз ауыртпалық алынып, инвестордың құқығы қорғалды. Жобаны іске асыруға кедергі болған мәселелер шешілді.
    Прокуратура органдары инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының прокуратурасы" жаңалықтары