Музыка шекара талғамайды: ақмолалық өнерпаздар Үндістан мен Ресейде Қазақстанның атынан өнер көрсетті

    1 / 7

    Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Үндістан мен Ресейде ақмолалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттер өтті. Іс-шараларды Қазақстан Республикасының аталған елдердегі Елшіліктері Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен ұйымдастырды.

    Үндістан астанасы Нью-Делиде Зеренді ауданының «Арқа әуені» халықтық фольклорлық ансамблі, Қосшы қаласынан «Тарту» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ Диана Байзолла, Аслан Мұхамедьяров, Айдын Хамза және Дінмұхаммед Амалбек сынды жеке орындаушылар өнер көрсетті. Өнерпаздар шетелдік көрермендерді қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігімен, халық әндерімен және ұлттық дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырды.

    Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – «Арқа әуені» мен «Тарту» ансамбльдері үшін Үндістандағы өнер көрсету шетелдегі мәдени іс-шараларға алғаш рет қатысу тәжірибесі болды. Шығармашылық ұжымдар халықаралық сахнада өңір намысын абыроймен қорғап, ұлттық өнердің қайталанбас болмысын және халықтық дәстүрлердің байлығын паш етті.

    Тағы бір мерекелік концерт Ресей Федерациясында өтті. Іс-шараға Целиноград ауданының Мәдениет үйі жанындағы «Тұмар» этно-эстрадалық ансамблі және Олжас Сүлеймен, Бекаділ Мектепбергенов, Азамат Сәкенов, Ермек Қасым, Гүләйша Аманжол мен Айнұр Байнулдинова қатысты.

    Ақмолалық өнерпаздар шетелдік көрермендерге ұлттық өнер туындылары мен әлемдік классикалық музыканың жауһарларын ұсынып, Қазақстанның мәдени әралуандығын таныстырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары