«Күміс жас» жобасының арқасында 50 жастан асқан 10 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасты

    Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы 9 айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі Түркістан облысында (1 678 адам), Қарағанды облысында (1 093 адам), Ақтөбе облысында (807 адам) және Жамбыл облысында (705 адам) тіркелген, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

    Жобаға қатысушылар қатарында әйелдер мен ауыл тұрғындары көп. Қатысушылардың 54,7%-ы, яғни 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61%-ды немесе 6 324 адамды құрайды.

    Ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салалары негізгі бағыттар қатарында. Ең сұранысқа ие мамандықтар мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, администратор, жүргізуші және бухгалтер бар.

    Біліміне келсек, қатысушылардың 78%-ы орта білімді, 18%-ы орта техникалық білімді, ал 4%-ы жоғары білімді.

    «Күміс жас» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты жасы үлкен азаматтарға жұмыс табуға жәрдемдесу және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

    Жобаға мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.

    Аталған жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде мемлекет қызметкердің жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілерге тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартуға және олардың тұрақты жұмыс орнында қалуына мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік субсидия мөлшері:

    1-12 ай аралығында – белгіленген жалақының 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

    13-24 ай аралығында – 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

    25-36 ай аралығында – 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.

    Басты шарттарының бірі қатысушыларды кейін де тұрақты жұмыспен қамту. Субсидия төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші олармен еңбек қатынасын жалғастыруға міндетті. Зейнет жасына жетпеген қызметкерді кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Ал зейнеталды жастағы, 58 жастан асқан қатысушыны зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етуге тиіс.

    Жобаның тиімділігін Ұлытау облысының тұрғыны Толғанай Абдрахманованың оқиғасынан да көруге болады. 2023 жылдың наурызында ол жұмыс іздеп, Жаңаарқа ауданының мансап орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» жобасы аясында «Золотая» жеке кәсіпкерлігіне тігінші болып орналасуды ұсынған. Толғанай Бекмырзаевна үш жыл бойы өз міндеттерін адал атқарып, тәжірибе жинақтаған. Жұмыс барысында өзін жауапты әрі тиянақты қызметкер ретінде көрсеткен. Кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында ол жұмыс берушінің сеніміне ие болды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін оған сол ұйымда тұрақты жұмыс істеу ұсынылды. Толғанай Абдрахманованың оқиғасы жұмысқа орналасуға берілетін уақытша қолдаудың тұрақты жұмыспен қамтылуға және кәсіби жолын жалғастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

    «Күміс жас» жобасы аға буын өкілдеріне еңбек белсенділігін сақтауға, жинаған тәжірибесін пайдалануға, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға көмектеседі.

    Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1792732674

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары