«Еңбектеріңіз – адамға деген қамқорлықтың көрінісі»: Еңбек министрлігінде әлеуметтік қорғау саласының мамандары марапатталды

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Республика күні мен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғап, өмірдің қиын жағдайларына тап болған жандарға күн сайын қолдау көрсетіп жүрген мамандарға арналған салтанатты іс-шара өтті.

    Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев государственный орган қызметкерлері мен сала мамандарын кәсіби мерекелерімен және Республика күнімен құттықтап, жауапты еңбегі, мамандығына деген адалдығы және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

    Биыл Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 25 қазанда атап өтілетін Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл екі мерекенің де мәні ортақ – адамға қамқорлық жасау, оның құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

    «Сіздердің еңбектеріңіз адамға және оның әл-ауқатына деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Әрбір азамат өзін сенімді әрі қорғалған сезінетін Әділетті Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ мақсат», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

    Министр мемлекеттік шешімдердің, заманауи цифрлық құралдар мен әлеуметтік қолдау тетіктерінің артында әрдайым адамдар тұрғанын атап өтті. Олар азаматтармен күнделікті жұмыс істеп, өмірлік қиындықтарға тап болған кезде қолдау көрсетеді және ұсынылатын қызметтердің сапасына жауап береді.

    «Әлеуметтік салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін ерекше миссия. Бұл жұмыс психологиялық тұрғыдан төзімді болуды, асқан шыдамдылық пен жоғары жауапкершілікті қажет етеді», – деді министр.

    Министрлік әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, олардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейтіліп, «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саладағы өзге де кәсіптер» мен «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандар» атты екі кәсіптік стандарт бекітілді.

    2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер тізілімі жұмыс істейді. Онда 12 235 маманның кәсіби құзыреттері туралы мәлімет қамтылған. 3 080 әлеуметтік қызметкер біліктілікті тану сертификатын алды. Бұл шаралар кәсіптік стандарттарды одан әрі жетілдіруге және арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

    Сонымен қатар цифрландыру мен мемлекеттік үдерістерді жаңғырту әлеуметтік жұмыстағы адами фактордың маңызын төмендетпейді. Керісінше, азаматтарға қолдау көрсетуде мамандардың жеке қатысуы мен жанашырлығы бұрынғыдай маңызды болып қала береді.

    «Ақпараттық жүйелер қаншалықты дамығанымен, маманның кәсіби жанашырлығын, жауапкершілігін және азаматтарға шынайы ниетпен көмектесуге деген ұмтылысын алмастыра алмайды», – деді Асқарбек Ертаев.

    Министр әлеуметтік сала ардагерлеріне кейінгі буынға өз тәжірибесін үйретіп, кәсіби сабақтастықты сақтап келе жатқаны үшін ерекше алғыс білдірді. Сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жолында адал еңбек етіп жүрген барлық сала қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын жеткізді.

    Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандары мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуден және еңбек құқықтарын қорғаудан бастап, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және адамдардың дербес әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға дейінгі кең ауқымды бағыттар бойынша жұмыс істейді.

    Салтанатты іс-шара аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Кәсіби жетістіктері, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

    «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен үш қызметкер марапатталды. «Салаға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасы үш адамға, «Үздік қызметкер» төсбелгісі төрт маманға табысталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен тоғыз адам, ал министрдің алғыс хатымен он екі қызметкер марапатталды.

    Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің алғыс хатымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық офисі марапатталды. Сондай-ақ сала өкілдеріне Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен «Қызмет» салалық кәсіподағының наградалары табысталды.

    Марапат иелерінің қатарында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға және халыққа қолдау көрсетуге күнделікті үлес қосып жүрген мамандар бар.

    Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Арман Оспанов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті директорының орынбасары Баян Хасеноваға «Салаға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасы табысталды. Көші-қон комитетінің бас сарапшысы Дулат Байбатчаев әлеуметтік қорғау саласындағы жауапты еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

    «Әлеуметтік қорғау саласында 27 жыл еңбек еттім, оның 20 жылы Еңбек министрлігімен байланысты. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын. Қолдау көрсеткен басшылығыма және әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Еңбек жолымды әрі қарай да жалғастырып, халыққа пайдамды тигізуге тырысамын», – деді Баян Хасенова.

    Іс-шара соңында Асқарбек Ертаев әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларына амандық пен береке, халыққа қызмет ету жолындағы жауапты еңбектеріне толағай табыс тіледі.

    «Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, халқымыздың әл-ауқаты күн сайын арта берсін!» – деп қорытындылады министр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті" жаңалықтары