Мадрид, 2026 жылғы 21 қазан – Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі Ұлттық музыка аудиториясында (Auditorio Nacional de Música) Республика күніне арналған салтанатты концерт ұйымдастырды. Игі дәстүрге айналған іс-шара биыл көрнекті қазақ композиторы, Қазақстанның мемлекеттік әнұранының авторларының бірі Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық мұрасына арналды. Музыкалық кеш «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атсалысуымен және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен өтті.
Аталған іс-шара 2030 жылы аталып өтетін композитордың туғанына 100 жыл толуына арналған «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасы аясындағы концерттер сериясын бастап берді.
Концертке Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың отбасы мүшелері және Испанияда тұратын қазақстандық өнерпаздар қатысты. Әртістер Альберт Скуратов жетекшілік ететін Madrid Festival Orchestra оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Қонақтар қатарында Испанияның мемлекеттік органдарының, іскерлік және академиялық топтарының, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Корольдікте тұратын қазақстандықтар болды.
Қонақтарға арнаған сөзінде Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев ұлттық мереке қарсаңында өткен концерт испаниялық көрермендерді Қазақстанның музыкалық мұрасымен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
« Шәмші Қалдаяқовтың әндері халқымыз үшін айрықша қымбат. Олардың испан тілінде орындалуы бұл музыканы жаңа тыңдарманға жеткізуге жол ашады. „Шәмші әлемі“ концерті Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін », – деп атап өтті Елші.
Кештің басты ерекшелігі – Шәмші Қалдаяқовтың испан тіліне бейімделген 20 әнінің алғаш рет орындалуы болды. Бағдарламаға «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың», «Сыр сұлуы» және «Бақыт құшағында» сияқты танымал шығармалар енді. Жаңа нұсқалар қазақстандықтардың бірнеше буынына таныс махаббат, ана мен Отан туралы әндердің әуезділігі мен шынайылығын сақтап қалды. Композитордың туындылары Республика күніне орай ұсынылған символдық тарту әрі екі ел достығына арналған музыкалық арнау болды.









