Петропавл қаласының әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында өндірістік жарақаттану мәселелері, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Еңбек тәуекелдері картасына енгізілген кәсіпорындардың қызметіне және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмысты күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіптік тәуекелдерді төмендету бойынша уақтылы шаралар қабылдау жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттанудың алдын алуға, ықтимал тәуекелдерді анықтауға және қала кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер өкілдерінің өзара іс-қимылын одан әрі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.









