Қауіпсіз балалық шақ білімнен басталады: Алматыда ауқымды профилактикалық іс-шара өтті

    Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №221 жалпы білім беретін мектепте қала прокуратурасының бастамасымен «Балалар және жол: қауіпсіздік аумағы» жобасы аясында ауқымды оқу-жаттығу іс-шарасы өтті.

    Іс-шараға Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков, қалалық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, педагогтер және 500 оқушы қатысты.

    Іс-шараны ашқан қала прокуроры Серік Кәріпбеков балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    Іс-шара барысында 2–8-сынып оқушылары жол қозғалысы ережелері бойынша алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп, жолда қауіпсіз жүріп-тұру және ықтимал қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгерді.

    Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, есірткі қылмысына, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Практикалық сабақтар оқушыларға қауіпсіздік ережелерін меңгеріп қана қоймай, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

    Жобаның басты мақсаты – балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретумен шектелмей, заң талаптарын сақтау мен жауапты мінез-құлық күнделікті өмірдің қалыпты дағдысына айналатын тұрақты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

    Алматы қаласының прокуратурасы

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының прокуратурасы" жаңалықтары