Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов «Universal Tech Decisions» (UTD) компаниясының өкілдерімен кездесіп, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту және көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Жиынға Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлыбек Даралиев, қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров және дербес бөлім басшысы Ержан Хайноллаев қатысты.
Көлік ағынын зерттеу және модельдеу бағытында жұмыс істейтін ғылыми аккредиттелген компания өкілдері жолдардың сапасын арттыру, көлік қозғалысын оңтайландыру және жол жүктемесін алдын ала болжау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Қала әкімі Атыраудың бас жоспары әзірленіп жатқанын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамытуда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мектептер маңындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Ұсыныстарды қосымша зерделеп, алдағы уақытта нақты шешімдер қабылдау жоспарланып отыр.









