Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Департамент бастығы, әділет полковнигі Алтынбек Қалиевтің төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтті.
Кеңеске «Еңбек-Қостанай» РМК, Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің өкілдері ,мекеме басшылары, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері және пробация қызметтерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында Департамент бастығының орынбасарлары баяндама жасап, қызметтің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге жан-жақты талдау жүргізді. Сонымен қатар мекеме басшыларының есептері тыңдалды.
Жиында қызметтің негізгі бағыттары талқыланып, қол жеткізілген нәтижелермен қатар, орын алған кемшіліктер де айқындалды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында қаралған өзекті мәселелер жеткізіліп, заңдылық пен тәртіп қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Департамент бастығы мекемелерде сотталғандарды ұстау режимінің талаптарын қатаң сақтау, оларды жұмыспен қамту, заманауи цифрлық құралдарды қызметке енгізу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызмет тиімділігін арттыру және сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.









