Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасы базасында балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған бейнеконференция өткізді.
Іс-шараға аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, сондай-ақ профилактикалық жұмыстар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мамандар қатысты.
Конференция барысында су айдындарының маңындағы қауіпсіздік ережелері, бірінші мұз қату кезеңінің ерекшеліктері және балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған шаралар қаралды.
Кәмелетке толмағандардың қатпаған мұзға шығуына жол бермеуге, ересектер тарапынан бақылауды күшейтуге, сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналары арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылды.
ТЖД бірінші мұздың аса қауіпті екенін ескертеді. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және оларға қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отырыңыздар.









