Азаматтық қорғау саласы – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін мамандық. Осы жолда еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Амангелді ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Бөкешов Думан Амантайұлы.
Ол 2017 жылы М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсіп, 2021 жылы оқуын тәмамдады. Еңбек жолын Жангелдин ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінде аға инженер болып бастап, бүгінде Амангелді ауданында қызмет атқарып келеді.
Мамандық таңдауға бала кезіндегі өрт сөндірушілерге деген қызығушылығы әсер еткен. Адамдарға көмектесіп, олардың өмірін қорғауды мақсат еткен Думан Амантайұлы бүгінде өз таңдауын мақтан тұтады.
«Құтқарушы болу – жай ғана қызмет емес, адам өміріне деген жауапкершілік пен ел алдындағы адал борыш», – дейді ол.
Қызмет барысында ол төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бұл мамандық сабырлылыққа, тәртіпке және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.
Думан Амантайұлы үшін отбасының қолдауы да маңызды. Ол отбасын өмірдегі тірегі, ал қызметін Отан алдындағы борышы деп санайды.
Адам өмірін қорғау жолындағы адал еңбек пен жоғары жауапкершілік – оның басты өмірлік ұстанымы.









