Дементьев Дмитрий Викторович — Қарасу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің № 24 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты. Ол қызметке 2021 жылдың қазан айында қабылданып, содан бері өзін жауапты қызметкер ғана емес, бөлімшенің спорттық өміріне белсенді қатысушы ретінде де көрсетіп келеді.
Азаматтық қорғау органдарындағы қызмет жоғары дене дайындығын, тәртіпті, мінез беріктігін және командада жұмыс істей білуді талап етеді. Дмитрий бұл қасиеттерді кәсіби қызметінде де, спорттық жарыстарда да шыңдап келеді.
2022 жылы ол Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері арасында 1000 метрге жүгіруден бірінші орын иеленді. 2023 жылғы наурызда ТЖД қызметкерлері арасында 5 шақырымдық шаңғы жарысында екінші орынға ие болып, бұл нәтижесін келесі жылы да қайталады. Сондай-ақ 2023 жылы Силантьевка ауылында жауынгерлік киімді кию бойынша жарыста бірінші орын алды. Ал 2024 жылы 100 метрге жүгіруден үшінші орынға ие болды.
Жеке жетістіктерімен қатар, Дмитрий командалық жарыстарға да қатысады. 2024 және 2025 жылдары газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) үздік буыны атағына арналған жарыстарда өнер көрсетіп, екі жыл қатарынан командасымен екінші орынға ие болды.
Әрбір жетістіктің артында табанды жаттығу, қажырлы еңбек және айналаның қолдауы тұр. Дмитрий кәсіби жолында қолдау көрсеткен № 24 өрт сөндіру бөлімінің ұжымына, сондай-ақ өзіне ерекше қолдау білдіріп жүрген әпкесі Юлияға алғысын білдіреді.
Бүгінде Дмитрийдің басты тірегі — жұбайы Даяна мен қызы Аделина. Олардың сүйіспеншілігі, қолдауы мен сенімі оған күш-қуат беріп, алға ұмтылуына және жаңа жетістіктерге жетуіне жігерлендіреді.
Жас ұрпаққа Дмитрий батыл қадам жасап, істі кейінге қалдырмай, алға қойған мақсаттарына ұмтылуға кеңес береді. Оның пікірінше, табысқа еңбек етуге, қателіктерден сабақ алуға және алғашқы сәтсіздіктерден кейін де берілмеуге дайын адамдар жетеді. Ең бастысы — мақсат қоя білу, оған табандылықпен жету және осы жолда қолдау көрсететін жандарды бағалау.
Дмитрийдің өмір жолы еңбекқорлықтың, мақсатқа ұмтылудың және жақындардың қолдауының арқасында кәсіби тұрғыдан дамуға, спорттық жетістіктерге жетуге және болашаққа сеніммен қадам басуға болатынын көрсетеді.









