1 / 19
АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫНДА БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ
Бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылық алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы орайда Қарақай ауылдық округінің Қ.Сәтпаев мәдениет және спорт кешенінде алқалы жиын болып өтті.
Аталмыш мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай, аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева, ювиналды полиция инспекторлары мен қоғамдық ұйым өкілдері, мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.
Еркін форматта өткен форум барысында Серік Қонысбекұлы мен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа, кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік желі арқылы буллинг жасамау, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу мәселелеріне тоқталды.
«Кәмелетке толмаған жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей, не жанама көздейтін құқықтық актілердің жүзеге асуын аға буын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Бүгінгі жиын тек формальды түрде ғана емес, сіз бен біздің ашық пікір алмасуымыздан тұруы тиіс.
Заман көшіне ілесіп өмір сүру үшін тынымсыз ізденіс пен білім керек. Өйткені, біз өмір сүріп отырған қоғам – үнемі үдерістер мен технологиялар қоғамы» деген аудан әкімінің орынбасары білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызын айтты.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдары талқыланды. Алдағы атқарылар жұмыстардың барысы сараланып, ұлт болашағының тәрбие жұмыстарының сапасына көңіл бөлуді күшейту керектігі айтылды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









