Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «QADAM – STEM және IT кабинеті» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба «Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды дамыту» бағыты бойынша шағын грант иеленді.
Атырау облысы Исатай ауданының Жанбай ауылындағы Хамидолла Наубетов атындағы орта мектепте STEM кабинеті ашылды. Мұнда оқушылар робототехника мен бағдарламалау негіздерін үйренеді.
Кабинет 3D-принтермен және робототехникаға арналған арнайы жинақтармен жабдықталған. Сабақ барысында оқушылар робот үлгілерін құрастырып, техникалық құрылғылармен танысады әрі бағдарламалау бойынша негізгі дағдыларды меңгереді.
Жобаның басты мақсаты – ауыл оқушыларының ақпараттық технологиялар, инженерия және робототехникаға қызығушылығын арттырып, техникалық білім алуына және оны тәжірибеде қолдануына жағдай жасау.
Аталмыш жобаға қатысушылардың бірі Қарлығаш Нұролла Бейбітқызы сабақ барысы қалай өтетінін айтып, өз әсерін бөлісті.
«Маған робототехника сабақтары ерекше ұнайды. Әртүрлі роботты өз қолыңмен құрастыру тіпті қызық. Болашақта өзімнің роботтарымды жасау – армандарымның бірі», – дейді оқушы.
Сабақтар оқу жылының соңына дейін жалғасады. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар 10-15 жас аралығындағы балаларға арналған күрделірек робототехникалық жинақтар сатып алуды жоспарлап отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









