Қызметкерлердің еңбек қызметі барысында өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыс берушілердің негізгі міндеттерінің бірі.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек ету жағдайына және әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы № 30 «Қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңымен реттеледі.
Міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты – қызметкердің еңбек міндеттерін орындау барысында жазатайым оқиға салдарынан өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда туындайтын мүліктік мүдделерін қорғау және заңнамада көзделген тәртіппен сақтандыру төлемдерін қамтамасыз ету. Бұл – зардап шеккен қызметкерлер мен олардың отбасылары үшін маңызды әлеуметтік кепілдік.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс берушілер, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар және басқа да ұйымдар қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Ал сақтандыру ұйымдары жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауы тиіс.
Міндетті сақтандыру шартының жасалуына және заң талаптарының орындалуына мемлекеттік еңбек инспекциясы органдары бақылау жүргізеді.
Облыстағы жағдай
Бүгінгі таңда облыс аумағында 3 417 жұмыс беруші өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жөніндегі талаптарды орындаған.
Сонымен қатар, заң талаптарын сақтамағаны үшін облыс деңгейінде 20-ға жуық мекеме басшысына жалпы сомасы шамамен 15 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының болмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК.
Осыған байланысты барлық жұмыс берушілерді қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, қызметкерлерді міндетті сақтандыру шартын уақытылы жасасуға және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғау – ортақ жауапкершілік!









